Accessibility links

Алматыда саудагерлер наразылық танытты


Car City сауда орталығының айналасындағы шағын дүкен иелері наразылық танытып тұр. Алматы, 3 мамыр 2018 жыл.
Car City сауда орталығының айналасындағы шағын дүкен иелері наразылық танытып тұр. Алматы, 3 мамыр 2018 жыл.

Алматыдағы Car City сауда орталығында жұмыс істейтін кәсіпкерлер базар басшылығына наразылық білдірді. Кәсіпкерлердің Азаттық тілшісіне айтуынша, әкімшілік сауда орталығы айналасында орналасқан жүзге жуық дүкенді сүрмек. Саудагерлер базар басшылығы бір жылға жасалған келісім-шартты бұзғанын айтады.

Райымбек даңғылы мен Яссауи көшесінің қиылысындағы жүзге жуық дүкеннің барлығына құлып салынған. Кәсіпкерлердің ешқайсысы жұмыс істей алмай отыр. Олардың айтуынша, жалға беруші компания “есікті көшеміз десеңдер ғана ашамыз” деп ескерткен.

Саудагерлер базар әкімшілігі қаңтарда бір жылдық келісімге қол қойып, дүкендерді жалға бергенін, бірақ төрт ай өткен соң барлығы сүрілетінін айтып, босатуды деп ескерткенін айтады. Олардың сөзінше, “кезінде қымбат бағаға сатып алған дүкендерін ешбір өтемақысыз бұзбақ".

Кәсіпкерлер дүкенмен жан бағып отырғанын, бастарында төлейтін несиелері барын және тауарды фирмалардан алып-сатып отырғанын айтады.

Базар әкімшілігі кәсіпкерлер сұраған өтемақыны беретін мүмкіндігі жоғын айтады. “Оның үстіне, дүкенді олар бізден емес, бізден жалға алған азаматтардан сатып алған. Сондықтан келісімдерінің заңды күші жоқ” дейді “Синма-инвест” компаниясының директоры Болат Бақтыбаев.

Оның сөзінше, Алматы қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы наурыздың 12-сі күні базар аумағын сүру, ретке келтіру туралы бұйрық берген. "Біз оның (бұйрықты айтады - ред) күшін жоя алмаймыз, бұйрықты орындауға міндеттіміз" дейді компания басшысы.

Әуезов ауданының бас сәулетшісі Бақыт Рымжанов Азттыққа Car City айналасындағы шағын дүкендердің уақытша деп салынғанын, кезінде ешкім рұқсат бермегенін айтты. Оның сөзінше, аталған бутиктер жоғары кернеулі электр бағаналарының астында орналасқан.

- Бұл жерде сүру деп айтуға болмайды. Себебі ол жердегі нысандарды салуға ешкім рұқсат берген жоқ. Ол уақытша тұрған бутиктер. Оларға жыл басынан бері әр мекемеден, әкімдіктен де ескерту жасалып жатыр. Ол жердегі бутиктер жоғары кернеулі электр бағаналарының астында тұр. Тәртіп бойынша, оның асты бос болуы тиіс, құрылыс, сауда орындарын салуға болмайды. Ол жерде жаңбыр, қар суын ағызатын кәріз бар. Жаңбыр жауғанда, көктемде қар ерігенде су төмен жақтағы аумақты алып кетеді. Car City аумағында жер астында диаметрі 1 метрге дейін жететін кәріз құбырлары бар. Соларды ретке келтіру керек, - деді Бақыт Рымжанов.

Оның сөзіне қарағанда, ескерту жасалған кейбір бутиктердің иелері бұған дейін орнын босатып, өз еркімен кетіп қалған.

XS
SM
MD
LG