Accessibility links

Депутаттар Тарасовтар ұлының ісімен прокурорға жүгінді


Владимир Тарасов пен Валентина Тарасова. Өскемен, 25 сәуір 2018 жыл.
Владимир Тарасов пен Валентина Тарасова. Өскемен, 25 сәуір 2018 жыл.

Шығыс Қазақстан облысының зейнеткерлері ерлі-зайыпты Владимир Тарасов пен Валентина Тарасова депутаттардың облыс прокуроры Құсайын Игембаевтың атына Тарасовтар ұлының өлімін тергеу мәселесі бойынша жазған хатының көшірмесін алды. Хатта мәжіліс депутаттары өздеріне жүгінген Тарасовтар ұлы Григорий Тарасовтың өлімі бойынша қылмыстық істі тергеудің тоқтатылуын негізсіз деп санайтынын айтқан.

Парламент депутаттары Григорий Тарасовтың өлімі туралы тоқтатылған қылмыстық іс материалында қарама-қайшылық бар және ол "қылмыстық істің қайта ашуға негіз барын көрсетеді" деп біледі.

Осыған байланысты олар облыс прокурорынан қылмыстық істі қайта тергеу және прокуратура тарапынан тиісті жауап шара қабылдау мүмкіндігін қарастыруды сұрайды.

Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы депутаттар хатын алғанын растады. Хатқа депутаттар Азат Перуашев, Құралай Қаракен және Глеб Щегельский қол қойған.

30 наурызда 77 жастағы Владимир Тарасов пен 72 жастағы Валентина Тарасова Өскеменде парламент депутаттары ҚҰралай Қаракенмен және Глеб Щегельскиймен кездесіп, оларға депутаттар өздерінің мәселесі бойынша Бас прокуратураға қайырылса деген тілегін білдірген. 19 сәуір күні олар "Ақ жол" партиясының жетекшісі және осы партия фракциясының депутаты Азат Перуашевпен де кездесіп, оған да мәселесін Бас прокуратураға жеткізу туралы өтініш білдірген. Перуашев оларға көмектесуге уәде берген.

Тарасовтар бір апта бұрын бейне байланыспен бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановпен сөйлескен. Ол зейнеткерлерді бас прокурорға "кассация мәселесімен" жолықтыруға уәде берген. Шығыс Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы 2017 жылы 15 желтоқсанда тергеу тобы басшысының қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысын заңды деп тапқан. Зейнеткерлер кассациялық шағым бойынша бас прокурордың апелляциялық алқа шешіміне Жоғарғы сотта қарсылық білдіргенін қалайды.


2013 жылы 23 ақпанда 39 жастағы Григорий Тарасов моншада қайтыс болған. Тергеушілер оны жазатайым көз жұмған деп санайды. Бірақ туыстары оны кісі қолынан қаза тапты деп біледі. Тергеу тобының басшысы Талғат Ібікенов 2017 жылы 3 тамызда қылмыстық істі тоқтатқан. Тарасовтар оның шешіміне шағымданғанымен, алғашқы инстанция соты мен апелляциялық сотта жеңілген. Григорий Тарасовтың өліміне қатысты жүргізілген тәуелсіз сараптама "моншаның жылыту қазандығы өздігінен жарылмаған, оны жаруға айғақтарды жойып жіберу мақсатымен сырттан ықпал еткен" деген қорытынды шығарған.

Тергеу тобының басшысы Ібікенов бұған дейін де істі тоқтатқан еді, бірақ Тарасовтар қарсылық акцияларын өткізіп және мемлекеттік органдарға жүгініп, тергеуді қайта бастатқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG