Accessibility links

Әмин Елеусінов түрмеден мерзімінен бұрын босатылды


Әмин Елеусінов.
Әмин Елеусінов.

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) кәсіпорны жұмысшылары кәсіподағының жетекшісі болған Әмин Елеусінов шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Шешімді 4 мамырда Павлодар қалалық №2 соты шығарған. Бұл туралы сотқа қатысқан Қазақстандық адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро өкілі хабарлады.

Ақпаратты Павлодар қалалық сотының баспасөз қызметі және Елеусіновтің адвокаты растады.Сот Елеусіновтың жазасын өзгерту туралы сот отырысы 4 мамыр сағат 16.00-де аяқталғанын хабарлады. Баспасөз қызметінің мәліметінше, судья шешімнің қарарын ғана жариялаған, ал қаулы әлі шықпаған. Егер прокуратура тарапынан наразылық болмаса сот шешімі 21 мамырда күшіне енеді.

2017 жылы 16 мамырда Астананың Алматы аудандық 2-соты кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусіновті "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқыру", "полицейлерге тіл тигізу, бағынбау және оларға күш қолдану" айыптарымен екі жылға соттаған.

Сот Елеусіновті қоғамдық және кәсіподақ қызметімен айналысу құқығынан бес жылға айырып, OCC талап еткен 14 миллион теңгеден астам қаржының прокурор сұраған 8 миллион 212 мыңнан астам теңгесін өндірту туралы талабын қанағаттандырған.

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (ОСС) компаниясы мұнайшыларының кәсіподақ төрағасы болған Әмин Елеусінов былтыр қаңтардың 21-інен бері қамауда отырған. Ол ұсталарға дейін ОСС жұмысшылары компанияның Ақтаудағы кәсіподақ кеңсесінде және Қаламқас пен Жетібай кеншітерінде екі апта бойы аштық акциясын өткізген. Мұнайшылар биліктен Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жаппауды талап еткен.

Аштық акциясы кезінде Елеусіновпен бірге ұсталған, OCC компаниясы кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев былтыр сәуірде "сот заңсыз деп тапқан ереуілді жалғастыруға арандатты" деп айыпталып, екі жарым жылға сотталған.

XS
SM
MD
LG