Accessibility links

Құқық қорғаушы Семейдегі түрмені сотқа берді


Құқық қорғаушы Елена Семенова.
Құқық қорғаушы Елена Семенова.

4 мамырда Семей қалалық сотында құқық қорғаушы Елена Семенованың ОВ-156/15 мекемесіне қарсы шағымы бойынша сот отырысы басталды. Елена Семенова 2017 жылдың қазан айынан бері сотталушылармен қысқа мерзімді кездесуге кіре алмай жүргенін айтады. Құқық қорғаушы түрме құқығымды бұзып отыр деп сотқа шағымданған.

“Соның салдарынан тіпті түрме күту бөлмесінде бес күн қонуыма тура келді” дейді құқыққорғаушы.

Семенованың айтуынша, ол өтініште 13 сотталушысының шағымын көрсеткен, алайда сотқа тек төртеуін ғана әкелген.

Сотта жауапкер жақ – колония әкімшілігінің өкілі арыздың мерзімінің өтіп кеткенін айтып, құқық қорғаушының шағымының негізсіз екенін дәлелдеуге тырысқан.

- Ал мен осы уақыт арасында бас прокуратура мен жергілікті прокуратураға шағымданып келгенімді жәнееш жауап ала алмағанымды айттым. Бұдан бөлек, екі сотталушы өздерінің қысымға ұшырап, қоқан-лоқы жасалғанын жеткізді. Бір сотталушыны менімен кездеспеуі үшін бір тәулік бойы қинаған. Оны сотталушының өзі айтты Сотта мұның бұрыннан жалғасып жатқанын айттым, - дейді құқық қорғаушы Елена Семенова Азаттық тілшісіне.

Құқық қорғаушының айтуынша, 4 мамырдағы сотқа жергілікті прокуратура өкілі келмегендіктен прокурорды іске шақыру туралы өтініш берген. Судья Тоқтыбаев өтінішін қанағаттандырған.

Елена Семенова бұған дейін бас прокуратураға аталған мекеменің сотталушылар құқықтарын бұзып жатқаны туралы көп мәрте шағымданған. Бірақ шағымына ешқандай жауап болмаған. Азаттық тілшісі аталған мекемеге хабарласқанмен жауап ала алмады.

Құқық қорғаушы соттан ОВ-156/15 мекемесінің келушілерді кіргізбеу әрекетін заңсыз деп тануды сұрайды. Келесі сот отырысы 11 мамырда өтеді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG