Ресей аннексиялап алған Қырым түбегіндегі Симферополь қаласының соты украиналық белсенді Игорь Мовенконың ВКонтакте әлеуметтік желісінде жариялаған комментарийі үшін екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Тергеушілер Мовенкоға "экстремистік іс-әрекетке шақырған" деген айып таққан болатын. Бұған дейін прокуратура соттан белсендіге екі жыл шартты жаза тағайындауды сұраған.
Мовенконың қорғаушысы сот үкіміне шағым түсірмек ниетте.
2016 жылғы қыркүйекте велосипедіне украиналық "Азов" еріктілер бөлімшесінің белгісін тағып шыққаны үшін Игорь Мовенконы Росгвардия қызметкері соққыға жыққан. Дәрігерлер сол жолы белсендінің жағы мен бас сүйегі сынып, миына зақым келгенін анықтаған. Ол оқиға бойынша сотқа дейінгі тексеру жүргізілгенімен қылмыстық іс қозғалмаған.