Accessibility links

АҚШ Ресейдегі бейбіт шеруге қатысушыларды ұстауды айыптады


Ресейлік полиция өкілдері қарсылық акциясына қатысушыны әкетіп барады. Мәскеу, 5 мамыр 2018 жыл.
Ресейлік полиция өкілдері қарсылық акциясына қатысушыны әкетіп барады. Мәскеу, 5 мамыр 2018 жыл.

АҚШ Ресейде үкіметке наразылық танытып көшеге шеруге шыққан жүздеген адамды ұстаған полицияның іс-әрекетін айыптап, Ресей билігін ұсталғандарды дереу босатуға шақырған. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Хизер Нойерт Twitter-дегі аккаунтында жариялаған хабарламада "өзінің заңдылығына сенімді саяси лидерлердің бейбіт қарсыластарын наразылыққа қатысқаны үшін қудаламайтыны" айтылған.

Еуропа Одағы да Ресейде мамырдың 5-і күні қарсылық шеруіне шыққан наразыларды полицияның жаппай ұстауы мен қаталдық танытуын айыптап, Ресей билігін халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырған. Еуроодақ өкілдерінің мәлімдеуінше, демонстранттарды ұстау және күш қолдану азаматтардың пікір білдіру еркіндігі мен жиын өткізу бостандығына қатер төндіреді. Еуропалық сыртқы саясат қызметі (EEAS) өкілдері Ресей конституциясында бекітілген негізгі құқықтарды қорғау қажеттігін атап көрсеткен.


Биыл Ресей президенті болып төртінші мерзімге сайланған Владимир Путиннің мамырдың 7-іне белгіленген инаугурациясына орайластырылған "Ол бізге патша емес" ("Он нам не царь") қарсылық акциясы сенбі күні Ресейде ондаған қалада өткен. "ОВД-Инфо" құқыққорғау порталының мәліметінше, шара барысында Ресей бойынша 1600-ден астам адамды полиция ұстаған.

Ең көп адам ұсталған қалалар ретінде Мәскеу (704) мен Санкт-Петербург (229), сондай-ақ Челябинск (164 адам) аталады. Бұдан өзге Якутск, Красноярск, Краснодар, Калуга, Новокузнецк қалаларында да ондаған адам ұсталған.

XS
SM
MD
LG