Accessibility links

Украина Донбаста 3 мың сарбазынан айырылған


Украина президенті Петр Порошенко әскерилер арасында.Украина, 16 наурыз 2018 жыл
Украина президенті Петр Порошенко әскерилер арасында.Украина, 16 наурыз 2018 жыл

Донбастағы әскери операциялар басталғалы бері Украина қарулы күштері үш мыңнан астам жауынгерінен айырылған. Бұл туралы украиналық "Обозреватель" басылымына берген сұхбатында елдің қорғаныс министрі Степан Полторак айтты.

Министрдің сөзінше, мыңдаған адам әскери қақтығыстан емес әртүрлі ауру, жол апаты мен қауіпсіздік шараларын дұрыс сақтамағаннан қаза тапқан.

Сәуір айының соңында Украинаның бас прокуроры Анатолий Матиос Донбастағы 2014 жылғы операция басталғалы 3700 әскери қаза тауып, сегіз мыңдай адам жараланғанын мәлімдеді.

БҰҰ дерегінше, қарулы қақтығыс салдарынан осы уақытқа дейін 10 мың адам мерт болған. 20 мыңнан астам адам жараланған. Украинаның шығысындағы қақтығысты тоқтату туралы Минск келісімі әзірге ешқандай нәтиже бермей отыр.

УНИАН ақпарат агенттігінің хабарлауынша, өткен тәулікте аймақта қақтығыстар үдей түскен. Сепаратистер украиналық әскерилерді артиллерия, танк және минометпен 15 рет атқылаған. Салдарынан екі украиналық әскери жараланған. Ал сепаратистердің біреу қаза тауып, бесеуі жараланған.

Киев және Батыс елдері Кремль сепаратистерге қарумен көмектесіп отыр деп айыптайды. Мәскеу бұл айыпты жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG