Accessibility links

Черногорияда коррупцияны жазған журналистке қастандық жасалды


Черногориялық журналист Оливера Лакичке қастандық жасалған жерде жүрген адамдар. Подгорица, 8 мамыр 2018 жыл.
Черногориялық журналист Оливера Лакичке қастандық жасалған жерде жүрген адамдар. Подгорица, 8 мамыр 2018 жыл.

Черногорияда биліктегі коррупция жайлы зерттеу мақалалар авторы, тәуелсіз Vijesti басылымының журналисі Оливера Лакичке қастандық жасалды. Мамырдың 8-і күні Подгорицадағы үйінің алдында 49 жастағы журналистке белгісіз біреу оқ атқан. Оң аяғына оқ тиіп жараланған Лакич ауруханаға жеткізілген.

Жергілікті полиция басшысы "журналистің өміріне қауіп жоқ" деп хабарлаған. Ол қылмыскерді табу үшін полиция "қолдан келгеннің барлығын жасайтын болады" деп уәде берген. Полиция қаладағы бірнеше көшені қоршаған.

Черногориядағы АҚШ пен Еуропалық одақ елшілері Оливера Лакичке жасалған қастандыққа байланысты алаңдаушылық білдірген.

Осыдан алты жыл бұрын, 2012 жылғы наурызда Оливера Лакичке белгісіз ер адам шабуыл жасап, басынан бірнеше рет ұрып кеткен. Журналист темекі фабрикасындағы күмәнді істер туралы бірнеше мақала жарияланғаннан кейін болған бұл қылмыс ашылмай қалған.


Өткен айда елдің солтүстігіндегі Биело Полье қаласында журналистің үйінің жанында бомба жарылған.

2025 жылға қарай Еуропа Одағы құрамына кіргісі келетін Черногорияда соңғы 15 жылда журналистерге қарсы ондаған қылмыс, соның ішінде 2004 жылы басылым редакторы Душко Йовановичті өлтіріп кеткендер әлі күнге дейін ашылған жоқ.

XS
SM
MD
LG