Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиев 15-17 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамптың шақыруымен осы елге бірінші рет мемлекеттік сапармен барады. Өзбекстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоғары деңгейдегі келіссөзде АҚШ-Өзбекстан қарым-қатынасының жай-күйі мен келешегі талқыланып, халықаралық және аймақтық маңызды мәселелер бойынша пікір алмасу өтеді деген жоспар бар.
Өзбекстан президенті сонымен қатар Вашингтонда Конгресте, Қорғаныс министрлігінде және АҚШ Мемлекеттік департаменті мен Дүниежүзілік банкте кездесу өткізеді.
Ресми сапар қорытындысы бойынша "Өзбекстан және АҚШ: стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңі" деп аталатын бірлескен мәлімдемеге, түрлі салалар бойынша екі жақты қарым-қатынасты одан ары нығайтатын бірнеше құжатқа қол қойылмақ.
3 мамырда Өзбекстан Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов АҚШ елшісі Памел Спратленді қабылдаған. Бейресми ақпараттар бойынша, кездесуге Өзбекстан парламентінің спикері Садык Сафаев пен Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтының директоры Владимир Норов қатысқан. Азаттықтың Өзбек редакциясының өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, елшімен кездесуде Мирзияевтің АҚШ-қа сапары талқыланған.