Accessibility links

Басқарма: Ақтөбедегі үйлерде 22 лифт апатты жағдайда тұр


Журналист Айзат Әбдісамат қаза ұшыраған лифт. Ақтөбе, 5 сәуір 2018 жыл.
Журналист Айзат Әбдісамат қаза ұшыраған лифт. Ақтөбе, 5 сәуір 2018 жыл.

Ақтөбе қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерде адам өміріне қауіпті 22 лифт бар, әзірше пайдалану мерзімі өткен төрт лифтіні модернизациялау үшін қала бюджетінен 40 миллион теңге бөлінген деп хабарлады 10 мамыр күні Ақтөбе облыстық әкімдігінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Аманов. 40 миллион теңге 2011-2020 жылдарға арналған өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында бөлінген. Яғни, мемлекеттен үстемесіз несие ретінде берілген қаржыны тұрғындар алдағы жеті жыл аралығында қайтаруы керек.

- Ақтөбе қаласындағы пайдалану мерзімі өткен лифтілерді модернизациялау үшін 2 миллиард теңгеден астам қаржы керек. Бір лифтіні толық ауыстыру құны орта есеппен - 6,5 миллион теңге. Лифт –тұрғындардың меншігі болғандықтан бюджет қайтарымсыз қаржы бөле алмайды. Әйтсе де біз қол қусырып қарап отырғанымыз жоқ. Модернизация есебінен 40 миллион теңгенің бөлінуі - сең қозғалды деген сөз, - дейді Дастан Аманов.

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазір Ақтөбе қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердегі 149 лифті тоқтап тұр.

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы қала аумағындағы лифтілерді осы жылғы сәуірдің 4-і күні жергілікті телеарна журналисі Айзат Әбдісамат ескі лифтіде қаза болғаннан кейін тексере бастаған. Қайғылы оқиға Ақтөбе қаласы 12-ықшам ауданындағы №19 он қабатты үйдің 2-подъезінде сәуірдің 4-і күні кешкі сағат тоғыз шамасында болған. Үйдің алтыншы қабатында тұратын жергілікті телеарна журналисі Айзат Әбдісамат лифтіге кірген кезде аяқ астынан ажал құшқан. Самат Лепесов Айзат Әбдісаматтың ажалына себепкер болған лифтінің әлі де тоқтап тұрғанын айтады. Лепесов "Ол лифтіге қатысты мәліметтерді тергеу жүріп жатқандықтан жариялай алмаймын" дейді.

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қала бойынша көпқабатты ғимараттарда 372 лифт тіркелген.

XS
SM
MD
LG