Accessibility links

Еуродепутаттар Қазақстан билігімен "тұтқындар" мәселесін талқылады


Еуропарламент депутаты Ивета Григуле Петерс Қазақстан мәжілісі ғимаратында тұр. Астана, 10 мамыр 2018 жыл.

10 мамыр Қазақстан мәжілісінде парламент депутаттары мен Еуропарламент делегациясы кездесті. Жиыннан соң баспасөз өкілдеріне шыққан Еуропарламент делегациясының жетекшісі, депутат Ивета Григуле Петерс Қазақстанда болған наразылық шаралары мен ондағы талаптар жайында естігенін, ол туралы Қазақстан билігінің өкілдерімен сөйлескенін айтты.

- Иә, бұл мәселе күн тәртібінде болды. Келерден бұрын электронды поштамызға тұтқындарға байланысты хаттар көптеп түсті. Қазақстанның бас прокуратурасынан Макс Боқаев, оның денсаулығы, Талғат Аян туралы жауап алып, 11 мамырда прокуратура өкілдерімен кездесетін болдық, - деді Ивета Григуле.

Сонымен бірге, Ивета Григуле Еуропарламент "Қазақстандағы саяси тұтқындарды босату талабына қалай септесе алатыны" жайлы да жауап берді.

- Осы сұрақты Мәжілісте көтердік. 11 мамырда тағы да прокуратурада көтереміз. Елшілігіміз осы сұраққа байланысты күнде жұмыс істейді. Мынаны істе деп ешкімді тығырыққа тірей алмаймыз. Өз тәжірибемізбен бөлісіп, дәлелдеуге тырысамыз. Ал үйретіп, мәжбүрлей алмаймыз, - деді Ивета Григуле.

10 мамырда Қазақстанның Астана мен Алматы бар бірнеше қаласында наразылық шаралары өткен. Жиылған жұрт саяси тұтқындарды босатуды, түрмедегі азаптауды тоқтатуды талап еткен. Полиция ондаған адамды ұстап әкеткен.

Оқи отырыңыз: Саяси тұтқындарды босатуды талап еткендерді полиция ұстады

Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура митингіге қатысты қандай да бір пікір білдірген жоқ. Бұдан бұрын жергілікті ақпарат құралдары мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин мен Ивета Григуленің кездескенін жазған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG