Accessibility links

Түркіменстанда Азаттық тілшісін тағы да ұстап, сес көрсетті


Солтан Ачилова, Азаттықтың Түркімен редакциясының тілшісі.
Солтан Ачилова, Азаттықтың Түркімен редакциясының тілшісі.

Азаттықтың Түркімен редакциясының тілшісі Солтан Ачилованы Түркіменстан қауіпсіздік қызметі тағы да ұстап, қоқан-лоқы көрсетті және дөрекілік танытты.

Азаттықтың Түркімен редакциясының хабарлауынша, оқиға Солтан Ачилова 9 мамыр күні Ашғабад шетіндегі Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқандарға арналған ескерткіш кешенге гүл қою рәсімін суретке түсіруге бара жатқан кезінде болған. Кешенге бара жатқан жолда журналисті қара түсті киім киген бірнеше адам тоқтатқан. Ол өзінің журналист екенін және Жеңіс күніне арналған хабарына сурет түсіріп жүргенін айтқан кезде ер адамдар оны тұтқындап, тілдеп, доқ көрсеткен. Бұдан соң полицей киіміндегі үш адам келіп, одан өздерімен бірге полиция бөліміне баруын талап еткен. Ачилова талаптан бас тартқан соң полицейлер одан суретін өшіруді талап етіп, қолын қайырып, көлікке күштеп отырғызған.

Солтан Ачилова өзін ұстаған адамдар егер суреттерін өшірмесе "есірткі сақтады" деген айыппен қамалатынын айтып, сес көрсеткенін айтады. Журналист талаптан бас тартқан соң ер адамдар фотоаппаратын тартып алып, суреттерді өздері өшірген.

Ачилова өзін күштеп төрт сағат ұстағанын, өзінен Азаттыққа жұмыс істеуден бас тартуды талап еткенін айтады. Бұдан соң оны босатқан.

Солтан Ачилованы бұған дейін де полиция себепсіз ұстап, аңдып, доқ көрсеткен. Оған белгісіз адамдар да шабуыл жасап, соққыға жыққан.

7 мамыр күні Түркіменстан сыртқы істер министрінің орынбасары Вепа Хаджиев Женевада БҰҰ Адам құқығы кеңесінде өткен тыңдауында "елде "Азат Еуропа / Азаттық Радиосы" тілшілерінің еркін жұмыс істеуі Түркіменстанда баспасөз еркін екенін дәлелдейтінін" мәлімдеген.

"Азат Еуропа / Азаттық Радиосы" медиакорпорациясының президенті Томас Кент Ачиловаға жасалған шабуылды айыптап, Наджиевтің мәлімдемесін "ерсі әрі адамды қорлайтын сөз" деп атады.

XS
SM
MD
LG