АҚШ-та 2016 жылғы президент сайлауына Ресейдің ықтимал араласуы туралы істі тексеруші америкалық арнайы прокурор Роберт Мюллердің тобы елдің қазіргі президенті Дональд Трамптың инаугурациясына шетелдік кәсіпкерлер мен компаниялардың қаржы аударғаны туралы ақпаратты зерттеп жатыр.
Өз дереккөздеріне сілтеме жасаған АВС телеарнасының мәліметінше, қазірге дейін Мюллер тобының тергеушілері Ресей, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірліктері мен Қатарға қатысы бар бизнесмендерден жауап алып үлгерген.
Тергеу тобы сонымен бірге Трамптың көптен бергі досы, инаугурация шарасына қаржы жинауға жауапты болған Том Баррактан да сұрақтарға жауап алған. Инаугурацияға қаржы жинау кампаниясы барысында барлығы 107 миллион доллар түскен деп хабарлайды "Америка дауысы".
Баспасөз құралдарының хабарлауынша, әсіресе тергеушілер инаугурацияға көп мөлшерде ақша бөлген әрі Ресеймен тығыз байланысы бар бизнесмендер Леонид Блаватник пен Эндрю Интратер туралы толымды ақпарат сұраған.