Accessibility links

Як-12М апатын тексеруден соң "бақылауды күшейту" ұсынылды


Алматы облысы Панфилов ауданында құлаған ЯК-12М ұшағы. 27 шілде 2017 жыл. (Суретті Панфилов ауданы прокуратурасы ұсынды.)
Алматы облысы Панфилов ауданында құлаған ЯК-12М ұшағы. 27 шілде 2017 жыл. (Суретті Панфилов ауданы прокуратурасы ұсынды.)

Алматы облысындағы Шолақай ауылы маңында өткен жылы 27 шілдеде құлаған Як-12 жеңіл моторлы ұшағы апатына "шекті шамадан төмен биіктікте және жылдамдықты сақтамай" ұшуы себеп болған. Мұндай деректер инвестиция және даму министрлігінің баспасөз құралдарына ұсынған апаттың себебін анықтау үшін жүргізілген тексеру қорытындысында айтылған. Құжатта әуеде қауіпті тәсілмен айнала ұшу, назарды басқаға бұру және басқаруды бақылаудан шығарып алу салдарынан ұшақтың "әуеден жер бетіне құлағаны" айтылған. Ұшақ апатынан екі адам – ұшқыш пен шаруа қожалығының басшысы қаза тапқан.

Министрлік таратқан ақпаратта сонымен бірге тексеру барысында анықталған "әуе оқиғасына себеп болған факторлар мен кемшіліктер" ретінде "ұшақ командирінің ұшар алдындағы демалыс кезінде алкогольді ішімдік пайдаланғаны", "(екі адам басқаратындай етіп жабдықталған) ұшақты басқаруға жолаушының кездейсоқ араласуы ықтимал" екені, "командирдің шамадан тыс жүк артылған ұшақпен әуеге көтерілгені" және "ұшқыш кабинасында ұшақты басқаруға қатысы жоқ бөтен адамның болуы" тәрізді жайттар айтылған.


Тексеру қорытындысы бойынша, Қазақстанның азаматтық авиация комитетіне басқаруында Як-12М ұшағы болған компаниядан авиациялық жұмыстар атқаруға берілген куәлікті қайтарып алу мүмкіндігін қарастыру және базалық аэродромдардан тыс ұшу алаңдарынан ұшып-қонып жұмыс істеп жүрген ұшақтарды пайдаланушыларды бақылау мен қадағалауды күшейту туралы ұсыныс енгізілген.

Алматы облысында Як-12М ұшағының құлауы – Қазақстанда былтыр жазда және күзде адам қазасына себепкер болған әуе апаттарының бірі. Елде бірнеше ұшақ апатқа ұшырағаннан кейін құрамына Азаматтық авиация комитеті енетін Инвестиция және даму министрлігі "авиация саласында күрделі проблема жоқ" деп мәлімдеген. Министр Жеңіс Қасымбек қазанда Астанада өткен аймақтық симпозиумда "Бізде жүйелі дағдарыс жоқ, оң өзгеріс бар" деп айтқан.

XS
SM
MD
LG