Accessibility links

АҚШ Украинаға Донбасты дамытуға қаржы бөлмек


Красногоровка кентіндегі соғыс салдарынан қираған мектеп. Донецк облысы, сәуір, 2018 жыл.
Красногоровка кентіндегі соғыс салдарынан қираған мектеп. Донецк облысы, сәуір, 2018 жыл.

АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) Украинаға Донбасты дамытуға қосымша қаржылай көмек бөлмекші. Мамырдың 12-і күні USAID-тың украиналық бөлімшесі сайтында жарияланған ақпаратта "ресейлік агрессияның ықпалын сезінген" Донбасс пен өзге де аймақтарға 125 миллион доллар бөлу көзделіп отырғаны айтылған.

Ақпаратта бұл қаржы аймақта тұрақтылықты дамытып, украин қауымын біріктіруге, жергілікті экономиканың орнықтылығын нығайтуға және дамуын жеделдетуге бағытталатыны айтылған.

Киевке көмек қаржы бөлінетіні туралы ресми түрде мамырдың 15-і күні USAID өкілі Брок Бирман, АҚШ-тың Украина мәселелері бойынша арнайы өкілі Курт Уолкер мен Киевтегі АҚШ елшісі Мари Йовановичтің қатысуымен өтетін арнайы баспасөз мәслихатында жарияланбақ.


Украина ресми орындарының мәліметінше, Донбаста 2014 жылы ресейшіл сепаратистер мен үкімет күштері арасында қарулы жанжал басталғалы бері украиналық 3700 әскери қаза тауып, сегіз мыңдай адам жараланған.

БҰҰ дерегінше, Шығыс Украинадағы қарулы қақтығыс салдарынан осы кезге дейін 10 мың адам мерт болған. 20 мыңнан астам адам жараланған. Жанжалды тоқтату туралы Минск келісімі әзірге ешқандай нәтиже бермей отыр.

Киев және Батыс елдері Кремльді сепаратистерге қарумен көмектесіп отыр деп айыптайды. Мәскеу бұл айыпты жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG