Accessibility links

Өзбекстанда тағы бір саяси тұтқын түрмеден шықты


Өзбекстандық құқық қорғаушы Фахриддин Тиллияев (оң жақта) белсенді Азам Тургуновпен бірге.

Оппозициялық Өзбекстан халық қозғалысының белсендісі Фахриддин Тилляев түрмеден босап шықты. Еңбек мигранттарының құқығын қорғаумен айналысқан белсенді 2014 жылы "адам саудалады" деген айыппен 11 жылға сотталған еді.

Фахриддин Тилляев Азаттықтың Өзбек редакциясына Өзбекстан Жоғарғы сотының шешімі негізінде 12 мамыр күні бостандыққа шыққанын айтты. "Мені сот қаулысымен таныстырып, құжаттарға қол қойдырды, сосын бостандыққа шығарды" деді ол.

2014 жылы 6 наурызда Ташкенттің Шайхонтохур аудандық қылмыстық істер соты Фахриддин Тилляевті 10 жыл және 8 айға түрмеге қамаған. Онымен бірге тағы бір өзбек белсендісі Нүриддин Жұманиязов сегіз жыл үш айға сотталған. Сот бұл екеуін де адам саудасымен айналысты деп айыптаған. 2016 жылы 31 желтоқсанда Нүриддин Жұманиязов түрмеде қайтыс болды.

Тилляевтің әріптестері оған қарсы істің қолдан ұйымдастырылғанын, істің саяси астары барын төрт жыл бойы айтып келді. Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Тилляевтің түрмеде азапталғаны туралы хабарлаған.

"Мені сотқа дейін азаптады. Азаптау түрмеде де тоқтаған жоқ. Мені қинап, қысым көрсетті. Мысалы, тырнақ астына ине тықты. Шешіндіріп, аязды күндері көшеге қуып шығарды, мұздай су шашты. Шыншырмен табанымнан ұрды. Мені алты адам азаптады, маған білгенін істеді. Мен түрмеде өткізген күндеріме өкінемім. Өйткені еркіндігімнен, бәрінен айрылдым" деді адам құқығын қорғаушы.


Сотталғанға дейін Фахриддин Тилляев пен Нүриддин Жұманиязов қарапайым жұмысшылардың тәуелсіз кәсіподағын құрып, еңбек мигранттарының құқығын қорғаумен шұғылданған. Түрмеден шыққан күні Тилляев адам құқығын қорғай беретінін мәлімдеді. "Мен ұйым жұмысын жалғастырғым келеді. Әділетсіз сотталған дін өкілдерінің құқығын қорғап, солардың соттарына қатыссам деймін" деді ол.

Өзбекстанда Шавкат Мирзияев президент болған 2016 жылдың соңынан бері бірнеше саяси тұтқын түрмеден босатылды.

XS
SM
MD
LG