Accessibility links

Тбилисиде парламентке қосымша полиция орналастырылды


Тбилисиде парламент алдында шеп құрып тұрған полиция қызметкерлері. Грузия, 13 мамыр 2018 жыл.
Тбилисиде парламент алдында шеп құрып тұрған полиция қызметкерлері. Грузия, 13 мамыр 2018 жыл.

Грузия астанасы Тбилисиде 13 мамыр күні парламент үйі алдына қосымша полиция күші жеткізілді деп хабарлады Грузия қоғамдық телеарнасы. Жексенбіде Тбилисидің орталығында бірден үш наразылық акциясы басталған. Олардың бірін "Белый шум" қоғамдық қозғалысы, өзге екеуін оған қарсылар - неонацистік "Грузия ұлттық бірлігі" тобы мен "Жас ұлттық альянс" ұйымы ұйымдастырды.

Азаттықтың Грузин редакциясының хабарлауынша, Грузия Ішкі істер министрлігі парламент аумағын қоршауға алды. Полиция "Белый шум" жақтастары жиналған аумаққа неонацистер мен "Жас ұлттық альянс" өкілдерін жібермей тұр. Қарсы екі акцияға қатысушылар полиция бөгетін бұзуға талпынып жатыр. Жағдай кейде шиеленісіп, наразылар мен полицейлер ара-тұра қақтығысып қалады.

"Жас ұлттық альянс" өкілдері "Белый шум" жақтастары 1989 жылғы 9 сәуір оқиғасы құрбандарына орнатылған ескерткіш алдында билеп, оны қорлады деп санайды. Олар ескерткішті қорғау үшін оның жанына барғысы келеді. Ал "Грузия ұлттық бірлігі" неонацистік тобы парламентте 9 сәуір оқиғасы құрбандарына арналған ескерткішті қорлауға, "ЛГБТ-ны насихаттауға" және есірткіге үгіттеуге қарсы сөйлемек ниетте.

"Белый шум" Тбилисиде осымен екінші күн наразылық танытып жатыр. Наразылық 12 мамырға қараған түні қаладағы Bassiani және Cafe Gallery түнгі клубтарында өткен арнайы операциядан соң басталған. Ұйым жақтастары полиция жастарға "шектен тыс жосықсыз күш көрсетті" деп санайды. Ұйым белсенділер енді Грузия премьер-министрі Георгий Квирикашвили мен ішкі істер министрі Георгий Гахарияның отставкаға кетуін және елдегі есірткіге қатысты саясатты реформалауды талап етеді.

Тбилисидегі наразылық

XS
SM
MD
LG