Accessibility links

Курамшин сот қаулысына қатысты жеке шағым түсірді


Азаматтық белсенді Вадим Курамшин.
Азаматтық белсенді Вадим Курамшин.

Азаматтық белсенді Вадим Курамшин Өскемен қалалық №2 сотының қаулысына қатысты жеке шағым түсірді. Бұл турасында Қазақстандағы Адам құқығы бюросы хабарлады.

Сәуір айының аяғында Өскемен қалалық №2 соты Вадим Курамшин өтініші бойынша оған амнистия қолданбағаны туралы деректерді қарап, ешқандай заң бұзушылық таппаған. Осылайша оның өтінішін қанағаттандырмай тастаған.

Курамшин бұған дейін интернетке үндеу жариялап, 2015 жылғы қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының Есіл аудандық соты өзіне қатысты қаулыны "заң бұзып" шығарғанын айтқан. Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық сотының 1999 жылы 22 қырүйекте өзіне шығарған үкіміне рақымшылық актісін қолданудан бас тартылғанын және кейінгі үкімі өзгертіліп, одан "қылмыс қайталанып жасалған жағдайдағы жаза тағайындау" туралы бапты өзгертілгенін де жазған.

Вадим Курамшин соттан үкімнің заңдылығын тексеруді және Қазақстан заңы нормалары бұзылғаны анықталған жағдайда кассациялық қарсылық білдіру және өз құқығын қалпына келтіруге жәрдемдесуді сұраған еді. Оның пікірінше, 2015 жылы 1 қаңтарда күшіне енген Қылмыстық кодекске өзінің құқығын жақсартатын өзгерістер енгізілген. Курамшин өзіне 2012 жылы 7 желтоқсанда шыққан сот шешімі өзгертілуі тиіс деп біледі.

43 жастағы құқық қорғаушы Вадим Курамшин 2012 жылдан бері бопсалау айыбымен 12 жылдық түрме жазасын өтеп жатыр. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Бірнеше құқық қорғау ұйымы оны саяси тұтқын деп таныған.

XS
SM
MD
LG