15 мамырда Мәскеудегі Тверск соты ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды 30 күнге қамау туралы шешім шығарды. Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, сот Навальныйды қоғамдық шаралар ұйымдастыру тәртібін екінші рет бұзғаны үшін және полицияға бағынбағаны үшін айыпты деп тапқан.
5 мамырда Ресейдің ондаған қаласында Владимир Путиннің инаугурациясына орайластырылған "Ол бізге патша емес" қарсылық шерулері өткен.
"ОВД-Инфо" құқық қорғау порталының дерегі бойынша, митинг кезінде полиция 1600-ден астам адамды ұстаған. Мәскеуде ұсталған жүздеген адамның арасында Навальный да болған. Оппозиционер Пушкин алаңындағы қарсылық шеруіне келген кезде полиция оны қолын бұрап, көлікке салып алып кеткен.
15 мамырдағы сотта Навальныйдың адвокаты полицияның әрекетін заңсыз деп табуды сұрағанымен, судья олардың шағымын қарастырмады.
Алексей Навальный бұған дейін де үкіметке наразылық шерулерін ұйымдастырғаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылып, әкімшілік қамауда отырып шыққан.
Видео: Ресейдегі Путинге қарсылық шеруі