Accessibility links

16 мамырда мәжілісте "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заң жобасы қаралып, бірінші оқылымда мақұлданды.

Жобада “деструктивті діни ағым”, “діни радикализм” жаңа ұғымдары бар.

“Бұл ұғымдарды енгізу сонымен бірге деструктивті діни ағымдардың таралуы және олардың атрибуттары мен сыртқы белгілеріне тыйым салу - қоғамға бөтен идеологияның енуіне тойтарыс беруге мүмкіндік береді” деді заң жобасын депутаттарға таныстырған дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев.

Оның айтуынша, заң жобасының мақсаты – “мемлекет пен конфессиялар арасындағы қарым-қатынасты жетілдіру, діни қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін нақтылау, дін саласын реттеу”.

Құжатта мемлекеттік қызметкерлердің діни әрекеттеріне байланысты пунктер бар. Атап айтқанда, заң жобасы бойынша мына әрекеттерге тыйым салынған: қызметтік мүмкіндікті діни бірлестіктің мүддесіне пайдаланбау, қарамағындағыларды діни қызметке мәжбүрлемеу және діни бірлестік құрмау немесе мүшесі болмау.

Бұдан бөлек, заң жобасында діни бірлестіктердің қызметін бақылау, жазалау мекемелеріндегі сотталушылардың діни әрекетін реттеу, шетелде діни білім алуға қатысты мәселелер қамтылған.

Жоба қоғамдық орындарда ниқаб киюге, құлшылық ету орындарынан бөлек жерде неке қиюға тыйым салады. Бұл талаптарды бұзғандарға айыппұл салынады.

Бұған қоса, діни мекемелердің ашықтық мәселелері де қарастырылған.

- Діни бірлестіктердің қаржы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша нормалар ұсынылды. Осы мақсатта жобаға олардың ішкі қаржылық есептерін міндетті түрде жүргізу талаптары енгізілді. Осы есептерді бұқаралық ақпарат құралдарында жыл сайын жариялау көзделген. Халықаралық тәжірибеде бұл кеңінен қолданылатын заңнамалық талап, - деді Дархан Кәлетаев.

Ертеректе "Форум-18" құқық қорғау ұйымы сайтының редакторы әрі журналисі Феликс Корли үкімет әзірлеген діни бірлестіктер туралы заң жобасы Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін орындаудағы кемшіліктерді жоймай, керісінше еселей түседі деген пікір білдірген. Ал Орталық Азиядағы діни ахуал, ұлттық бірегейлік және совет мұрасын зерттеуші, Назарбаев университетінің доценті Хелен Тибо Азаттыққа экстремизмнің алдын алу шаралары ретінде көрсетілетін тыйымдар мен шектеулерден тұшымды нәтиже шықпайды, олар жаңа проблемалар тудыруы мүмкін деген болатын.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG