Accessibility links

Павлодар әкімдігі: Су басқан үйлер маңында ұңғыма қазыла бастады


Павлодар қаласы
Павлодар қаласы

Павлодар қалалық әкімшілігі үйлеріне су кірген екінші Павлодар тұрғындарының жағдайына қатысты жауап берді.

Әкімшіліктің баспасөз хатшысы Гүлжан Серікқазықызы Азаттық тілшісіне мамырдың 17-сі мөлтек ауданда бүгіннен бастап, құрғату ұңғымаларын қазу жұмыстары басталғанын хабарлады.

- Бүгіннен бастап, тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімі ұңғыма қазу жұмыстарын бастады. Ұңғыма қазып, сосын жерасты суының деңгейін тексеріп көреді. Соған қарап, әрі қарай не істеу керектігін шешеді. Қанша ұңғыма қазу керектігі де сол кезде анықталады, - деді Гүлжан Серікқазықызы.

Оның айтуынша, екінші Павлодар ауданында бір дренаж жүйесі орнатылған, бірақ оның тұтас ауданды қамтуға шамасы жетпейді. Қазір Павлодар қалалық әкімдігі аулаларын су басып, үйлеріне су кірген тұрғындардың мәселесін шешу үшін құм, қиыршық тас төгіп, қажетті жұмыстар атқарып жатқанын айтады.

Азаттық тілшісі баспасөз хатшысынан тұрғындар айтқан бұрынғы насос станциясы туралы сұрап еді, әкімдік өкілі одан хабарсыз екенін айтты.


Осы апта басында екінші Павлодар мөлтек ауданының екі жүзге жуық тұрғыны үйлері мен аулаларын су басқанына шағымданған еді. Олардың айтуынша, күз бен көктемде және жаңбыр жауған сайын жерасты сулары көтеріліп, аулалары мен үйлерін басып қалады. Тұрғындардың сөөзінше, мұндай жағдай үш жылдан бері қайталанып келген.

XS
SM
MD
LG