Accessibility links

ХВҚ: "Орталық Азия мен Кавказ елдерінің әлеммен байланысы өте төмен"


Астана экономикалық форумы. Астана 26 мамыр 2016
Астана экономикалық форумы. Астана 26 мамыр 2016

2008 жылдан бастап Кавказ және Орталық Азия елдерінің сауда ашықтығы төмендеп, аймақтың қалған әлеммен байланысы өте төмен деңгейде қалып отыр. Бұл туралы Астана экономикалық форумында Халықаралық валюта қорының өкілі Тао Чжан мәлімдеген.

Оның айтуынша, Кавказ және Орталық Азия елдері аймақтың өз ішінде сауда қарым-қатынас мүмкіндерін пайдалануға ұмтылмай отыр.

- Соңғы он жылда аймақтық және әлемдік қаржы дағдарысының салдарынан аймақ ішінде сауда көлемі елеулі дәрежеде азайған. Қазір аймақтағы ішкі сауданың үлесі: жетекші мұнай экспортерларымен - 5 пайыз, ал импорттаушы елдермен - 15 пайызды көрсетіп отыр. Бұл халықаралық стандарт өлшемі бойынша өте төмен, - делінген ұйымның баспасөз қызметі жариялаған ақпаратында.

Чжанның пікірінше, 21 ғасырдың алғашқы он жылы Кавказ және Орталық Азия аймағының экономикалық даму тарихы көп жағдайда жақсы болған. Даму қарқыны жоғарылап, инфляция деңгейі төмендеген, кедейшілікті азайтуда елеулі нәтижеге қол жеткізген.

- Бірақ 2014 жылдан бастап, жағдай өзгерді, себебі аймақта кең дәрежеде қолданылып келген мұнай-газды өндіру және ақша айналымы, тау-кен өнеркәсібі мен мемлекеттік шығындарға негізделген экономикалық модель аймақ елдерінің ұзақ мерзімді өрлеуін қамтамасыз ете алмады. Оның үстіне, шикізат тауарларының құны арзандап, ақша айналымы азайды және сауда қарым-қатынасы бәсеңдеді. Нәтижесінде даму қарқыны баяулап, қаржы секторының осал тұстары көбейе түсті, мемлекеттік қарыз көлемі көбейді, - деді Тао Чжан форумда.

Халықаралық валюта қорының Кавказ және Орталық Азия елдері дегені бұл - Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан.

Астана экономикалық форумы мамырдың 17-сі басталды. Форум қатысушылары жиын барысында біртұтас экономика және әлемдік стратегия, ресурстар мен таза энергия, цифрландыру, болашақ ақшасы, ғаламдық қауіпсіздік пен урбанизация мәселелерін талқылайды деп жоспарланған.

Бұл форум биыл 10-рет ұйымдастырылып отыр.

XS
SM
MD
LG