Accessibility links

Ақтөбеде ІІД басшысының орынбасары қамалды


Облыстық ІІД басшысының орынбасары Алтай Аңшыбаевтың соты. Ақтөбе, 17 мамыр 2018 жыл
Облыстық ІІД басшысының орынбасары Алтай Аңшыбаевтың соты. Ақтөбе, 17 мамыр 2018 жыл

Ақтөбе қалалық соты 17 мамыр күні облыстық ІІД басшысының орынбасары Алтай Аңшыбаевты 2 ай мерзімге қамауға санкция берді. Тергеу мемлекеттік сатып алуға жауапты шенеунікті 2016 жылдан бері бірнеше мәрте жемқорлық қылмыс жасап, ішкі істер бөлімдерін жөндеуге бөлінген қаржыны талан-таражға салды деп айыптайды.

Судья Әлима Әділованың сөзінше, Алтай Аңшыбаевқа тергеу үш эпизод бойынша күдік келтіріліп отыр. Соның бірінде 2016 жылғы маусым айында Ақтөбе облыстық ІІД-інен Елек полиция бөлімін жөндеуге 18 млн теңгеден астам қаржы бөлінгендігі туралы айтылады. Бір айдан кейін осы бөлімшенің автокөлік шеберханасын жөндеуге 23 млн 215 мың теңге бөлінген. Ал Заречный полиция бөлімінің ғимаратын жөндеу үшін 2017 жылғы шілде айында 7 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Тергеудің пайымдауынша, полиция бөлімшелеріндегі құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер компаниялар жоспарды толық аяқтамаған, сөйте тұра оларға миллиондаған қаржы негізсіз аударылған.

Ақтөбе облыстық ІІД басшысының мемлекеттік сатып алуға жауапты орынбасары өзіне тағылған айыппен келіспей, тергеу аяқталғанша үйқамаққа алуды сұрады. Бірақ судья Әлима Әділова күдікті бостандықта жүрсе, тергеуге ықпал етуі мүмкін деп санайды. Әрі осыған дейін күдіктінің тергеушілердің шақыртуына құлақ аспай, Орал қаласына кетіп қалғандығын ескеріп, тергеу изоляторына қамауға санкция берді.

54 жастағы Алтай Аңшыбаев Ақтөбе облыстық ІІД басшысының орынбасары болып 2015 жылы тағайындалған. Отбасылы, кәмілетке толмаған төрт баланың әкесі. Батыс Қазақстан облысының тумасы Алтай Аңшыбаев туған жері Орал қаласында емделіп жатқан жерінен 16 мамыр күні ұсталған.

Ақтөбе облыстық ІІД мәліметінше, лауазымды қызметкердің мемлекеттік сатып алу заңдылығын бұзғанын алдымен полицияның ішкі қауіпсіздік қызметі анықтаған. Кейін бұл іс сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылған. Полиция бұл дерек бойынша Аңшыбаевтан өзге күдіктілердің жоқ екенін айтады.

XS
SM
MD
LG