Accessibility links

Ықтимал митинг үшін белсенділерді ұстай бастады


Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты
Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты

Астаналық белсенді Қайырлы Омар мамырдың 18-і күні Азаттыққа өзін таң атпастан полиция үйінен алып кеткенін, қазір полицияда отырғанын хабарлады. Ол әзірге полицияның өзін не үшін шақырғанын білмейді. Бірақ бұл “21-не белгіленген жер митингісімен және 10 мамырдағы тірек пунктіне барып, белсенділік танытуыммен байланысты болуы мүмкін” деп болжам жасайды.

Белсендінің сөзінше, мамырдың 17-сі күні кешкі сағат 8-де Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бұған дейін “жер туралы бейбіт митинг өткізбек болған” белсенді Мақсат Ілиясұлын әкімшілік кодекстің 488-бап, 1-тармағы (бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу) бойынша әкімшілік жазаға тартып, бес күнге қамаған. Бұған қоса, өзге астаналық белсенді Раушан Қалмомынұлын да осы баптың 3-тармағы бойынша бес тәулікке қамаған.

- Сотта тіпті Мақсатқа сұрақ та қойдыртпады. Мақсат “сіздер бейбіт митингке рұқсат етті ме, рұқсат етпеді ме, соны білмей жатып қалай бізді соттап жатсыздар? Біз не істедік? Қандай заңды бұздық?” деп сұрақ қояйын деп еді, мүмкіндік бермеді. Ал Раушанды “адвокат шақырып жатыр” деп алдап, сотқа кіргізіп жіберген. Бір сағаттың ішінде соттап жіберді. Екеуін де соттан кейін қамауға алып кетті, - дейді Қайырлы Омар Азаттық тілшісіне.

Бұл екі азаматтың қамалғанын мамырдың 17-сі күні кешке құқыққорғаушылар да хабарлаған еді.

15 мамырда “Алаш жолы” қозғалысы әлеуметтік желіде мәлімдеме таратып, мамырдың 21-і күні жерді сатпауға қатысты митинг өткізетінін мәлімдеген. Мәлімдемені қозғалыстың өкілі Мақсат Ілиясұлы парақшасында таратқан.

“Халықтың 2016 жылғы "Жер ешкімге сатылмасын, шетелдіктерге жалға да берілмесін!" деген талабының орындалмауына байланысты шұғыл түрде Қазақстан жерінің қазақстандықтарға да, шетелдіктерге де сатылмауын, шетелдіктерге жалға да берілмеуін қамтамасыз ететін жаңа заң қабылдансын. Осы уақытқа дейін шетелдіктердің иелігіне өтіп кеткен жерлер, ірі стратегиялық нысандар мен компаниялар мемлекетке қайтарылсын, оларды сату тоқтатылсын” делінген қозғалыстың мәлімдемесінде.

Мамырдың 17-сі күні кешке әлеуметтік желіде белсенді Мақсат Ілиясұлының сот алдында түскен видеосы да әлеуметтік желіде тарады.

Қайырлы Омардың айтуынша, бейбіт митинг өткізу туралы мамырдың 10-ы күні Астана қалалық әкімшілігіне рұқсат сұрап, өтініш берілген. Бірақ әзірге, жауап түспепті.

Әзірге, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотынан жауап алу сәті түспеді.

2016 жылғы сәуір мен мамыр айларында Қазақстанның көптеген қалаларында өткен үкіметтің жер реформасына қарсы наразылық акцияларынан соң президент Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіндегі резонанс тудырған заң баптарына мораторий жариялаған. Оған шетелдіктерге жерді жалға беру туралы заң баптары да қосылған. Одан кейін үкімет жанынан жер реформасын халықпен бірге талқылау үшін арнайы комиссия құрылған. Кейін осы комиссия жұмысы негізінде Қазақстан парламенті Жер туралы заңды қабылдап, президентке жіберген.​

2017 жылы қарашада Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты “Алаш жолы” қоғамдық бірлестігінің мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп танып, оны жою туралы қаулы шығарған. Тіркемеу туралы шешім Астана қаласының Есіл аудандық мемлекеттік кіріс департаментінің мемлекеттік кіріс басқармасының шағымы бойынша қабылданған.

XS
SM
MD
LG