Accessibility links

Атамбаев ЖЭС апатына қатысты іске тартылды


Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев

Қырғызстан парламенті Бішкек жылу электр станциясындағы (ЖЭС) апаттың себебі мен оны жаңартуға бөлген қаржының рационалды қолданылуын зерттеу бойынша депутаттық комиссия қорытындысын талқылап, қаулы қабылдады. Онда Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың жауапкершілігін зерттеу туралы пункт бар.

Қаулыға сәйкес, бас прокуратураға ЖЭС-ті жаңалау бойынша келісім-шарт дайындауға қатысқан мемлекеттік қызметкерлердің әрекеті және нысанды мемлекетке өткізу мәселелеріне құқықтық баға беру міндеттелді. Бас прокуратура, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті және есеп палатасы үш айдан кейін парламентке тексерудің қалай жүріп жатқаны жөнінде есеп беруі тиіс.

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты іске тарту жөнінде ұсынысты депутат Ысқақ Масалиев айтқан. Парламент отырысындағы жарыссөзде ол елде “жауапкершілікке тартуға болмайтын бір ғана адам бар” деген.

- Егер экс-президентті жауапкершілікке тарту керек деп айтсам, бұл оның іске тартылатынын білдірмейді. Заңды өзгерту керек деп айтып отырған жоқпын. Қазіргі президентті импичмент арқылы жауапкершілікке тартуға болады, жауапкершілікке қазіргі депутаттарды да тартуға болады. Бірақ экс-президентті ешкім ешқашан да жауапкершілікке тарта алмайды. Іс жүзінде Қырғызстанда тек бір адам ғана жазаға ұшырай алмайды - Конституцияға қайшы. Негізгі заңның бірінші бетінде заңның алдында барлық азаматтар тең деп жазылған. Бұл іс бойынша экс-президенттің жауапкершілігін қарастыруымыз керек, - деп мәлімдеді депутат Ысқақ Масалиев.

2018 жылы 26 қаңтарда Бішкек ЖЭС-да апат болып, соның салдарынан Бішкектегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік мекемелер жылусыз қалған. Апатқа байланысты бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, "ақша жымқырды" деген айыппен энергетика саласының бірнеше шенеунігі ұсталған.

Бішкек ЖЭС-ын жаңалау жұмыстары 2014 жылы сәуір айында басталып, 2017 жылы тамызда аяқталды. Оған 386 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Қаражат Қытайдың экспорт-импорт банкінен несиеге алынған.

Депутаттық комиссия өз қорытындысында Қытайдан несие алған кезде құжаттарға қол қойған басшылардың әрекеттеріне құқықтық баға беруді ұсынған. Басшылардың арасында үкімет пен министрліктердің бұрынғы мүшелері бар. Барлығы – 30 адам.


XS
SM
MD
LG