Accessibility links

Қазанда "оппозиция серуенін" өткізген белсендіні 20 тәулікке қамады


Андрей Бояршинов (сол жақта) және оның өкілі өкілі Азат Габдулуәлеев.
Андрей Бояршинов (сол жақта) және оның өкілі өкілі Азат Габдулуәлеев.

Татарстан астанасы Қазан қаласының соты "оппозиция серуені" бастамашысы Андрей Бояршиновты 20 тәулікке қамауға алуға шешім шығарды деп хабарлады сенбіде Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметі. Оны жұма күні полицияға келген соң ұстаған болатын.

Биыл наурыздағы сайлауда Ресей президенті болып кезекті мерзімге сайланған Владимир Путиннің инаугурациясы қарсаңында, мамырдың 5-і күні бүкілресейлік "Ол бізге патша емес" қарсылық акциясы аясында Қазан қаласының іргесіндегі Дербышки ауылында жергілікті биліктің рұқсатымен наразылық митингі өткен. Шара аяқталғаннан кейін Қазанның орталығында "оппозиция серуеніне" шыққан 200-ге жуық адам Бауман көшесінен Қазан Кремліне, одан соң Қазан университетіне дейін жүріп барған.


Мамырдың 11-і күні полиция Андрей Бояршиновқа "көпшілік шараны өткізу немесе ұйымдастыру тәртібін қайта бұзғаны" үшін әкімшілік хаттама толтырған. Сотта сөйлеген сөзінде Андрей Бояршинов әлгіндей "шара митингілер туралы заң ережесін бұзуға жатпайтындықтан" хаттамада тағылған айыппен келісу қиын деп мәлімдеген. Белсендінің сөзінше, "оппозиция серуеніне қатысушылар ешқандай ұран айтпаған, плакаттар ұстап жүрмеген".

"Біз серуен мен шеру арасындағы айқын шектеуден асқан жоқпыз, - деген белсенді.

Бояршиновтың өкілі Азат Габдулуәлеевтің сөзінше, серуенге шыққандарда күні бұрын ойластырылған маршрут болмағандықтан, оны шеру деп тануға негіз жоқ. Ол Андрей Бояршиновтың іс-әрекетінде "әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан" белсендіге қарсы істі жабуды сұраған.

Вахитов аудандық соты Андрей Бояршиновты "әкімшілік заң талабын бұзған" деп танып, оны 20 тәулікке қамауға шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG