Accessibility links

Иракта парламент сайлауында әс-Садр блогы жеңіске жетті


Ирак шииттерінің дінбасы Мұқтада әс-Садр.
Ирак шииттерінің дінбасы Мұқтада әс-Садр.

Сенбі күні Ирак сайлау комиссиясы осыдан бір апта бұрын өткен парламент сайлауының қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, парламенттегі 329 орынның 54-ін шиитердің ықпалды дінбасы Мұқтада әс-Садр басқаратын блок иеленген. Ирактың қазіргі премьер-министрі Хайдер әл-Абадидің жақтастары парламенттен алған орын саны бойынша үшінші орында тұр.

Парламент сайлауына қатысқан саяси күштердің ешбірі үкіметті жасақтауға мүмкіндік беретіндей басым көпшілік орынғаие болған жоқ. Сондықтан жаңа үкіметті құру үшін ұзақ әрі күрделі келіссөздер өткізуге тура келеді дейді сарапшылар.


Мұқтада әс-Садрдың өзі премьер болуға ниет танытқан емес, ол тіпті бұл жолғы парламент сайлауына да түспеген. Бірақ оның жақтастары болашақ үкімет құрамын қалыптастыруға ықпал етуге тырысады деген болжам айтылып отыр. Әс-Садр сайлау кампаниясында жемқорлыққа қарсы ұрандар көтерген. Ол сонмен бірге Ирактың ішкі мәселесіне шет мемлекеттердің, соның ішінде Иран мен АҚШ-тың араласуына қарсы екенін мәлімдеп жүр.

Иракта Тегеранға жылы қабақ танытатын үкімет жасақталуына мүдделі Иранның өкілі – ықпалд генерал Кассем Сулейманидың Бағдадқа Ирак саясаткерлерімен келіссөздер өткізуге барғаны туралы хабарланды. Негізгі саяси күштердің арасындағы келісімге сәйкес, Ирак премьер-министрі болып мұсылман шииттер қауымының өкілі тағайындалуы тиіс.

XS
SM
MD
LG