Accessibility links

Ауғанстандағы шабуылдан ондаған адам қаза тапты


Кандагардағы жарылыс болған аймақ. 22 мамыр 2018 жыл.
Кандагардағы жарылыс болған аймақ. 22 мамыр 2018 жыл.

22 мамырда Ауғанстанның Кандагар қаласында болған жарылыстан 32 адам қаза тауып, 30 адам жараланған. Кандагар провинциясы губернаторының өкілі Дауд Ахмадидің айтуынша, әскерилер микроавтобусқа жасырылған бомбаны залалсыздандырып жатқанда жарылыс болған.

Ал қауіпсіздік қызметінің өкілдері жарылғыш заттың ауладан табылғанын, оның бірден жарылғанын мәлімдеді. Кандагар қалалық ауруханасының дерегінше, қаза тапқандар қатарында әскерилермен бірге бейбіт тұрғындар да бар. Бұл шабуылды ешбір ұйым мойнына алған жоқ.

Кандагар провинциясы апиын көп егілетін және Талибан содырларының жиі бой тасалайтын жері саналады.

Бұған қоса, 22 мамырда Газни провинциясының ресми өкілдері содырлар шабуылынан кем дегенде 14 полиция қызметкері қаза тапқанын хабарлады.

Провинция кеңесінің мүшесі Хасан Реза Юсуфидің айтуынша, Дих Як ауданында жасалған шабуылдан 7 полиция қаза тапқан. Олардың қатарында полиция басшысы Сайедулла Тофан да бар.

Газни губернаторының өкілі Ариф Ноори Джагхату ауданында тағы да 7 полицейдің мерт болғанын айтты.

Дих Як және Джагхату аудандарындағы шабуылдарды Талибан ұйымы мойнына алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG