Accessibility links

Мәскеу соты Навальныйдың шағымын қанағаттандырмады


Ресейлік оппозиция жетекшісі Алексей Навальный президент Владимир Путинге қарсы Мәскеуде өткен митингте. Ресей, 5 мамыр 2018 жы
Ресейлік оппозиция жетекшісі Алексей Навальный президент Владимир Путинге қарсы Мәскеуде өткен митингте. Ресей, 5 мамыр 2018 жы

23 мамырда Мәскеу қалалық соты Жемқорлықпен күрес қорының басшысы Алексей Навальныйдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Оған 5 мамырда "Ол бізге патша емес" ("Он нам не царь") митингісінде тәртіп сақшыларына бағынбады және қоғамдық шараны ұйымдастыру тәртібін екі рет бұзды деген айыппен 45 күнге қамаған.

Навальныйдың адвокаттары айыптау заңға сай келмейтінін айтып, Мәскеудің Тверь сотының қаулысын өзгертуді сұраған.

Апелляциялық шағымды қарар алдында сот орындаушылары "Медиазона" құқық қорғаушылар порталының журналисін залдан шығарып жіберген. Судья журналист Анастасия Ясеницкая сот залынан "ноутбукпен видеотрансляция жасамақшы болды" деп ойлаған. Ал "ОВД-Инфо" порталының хабарлауынша, Мәскеу қалалық сотының алдында полиция қолына "Сот бар, әділдік жоқ" деген жазуы бар плакат ұстаған адамды алып кеткен.

Өткен аптада Мәскеу қаласының Тверь соты Алексей Навальныйды әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің екі бабына сәйкес айыпты деп танып, оны қамау туралы жаза кескен. Оппозиционер қамаудан 15 маусымда шығады.

22 мамыр күні Мәскеу қалалық соты "Навальный Live" youTube-каналының жүргізушісі Руслан Шаведдиновты 30 күнге қамау туралы шешім шығарған. Оны 5 мамырда Мәскеуде өткен "Ол бізге патша емес" ("Он нам не царь") шеруін ұйымдастырды деп айыптаған.

Биыл Ресей президенті болып төртінші мерзімге сайланған Владимир Путиннің мамырдың 7-іне белгіленген инаугурациясы алдында (5 мамыр) Ресейдің бірнеше қаласында "Ол бізге патша емес" ("Он нам не царь") атты қарсылық акциясы өткен. "ОВД-Инфо" құқыққорғау порталының мәліметінше, шара барысында Ресей бойынша 1600-ден астам адамды полиция ұстаған.

Ең көп адам ұсталған қалалар ретінде Мәскеу (704) мен Санкт-Петербург (229), сондай-ақ Челябинск (164 адам) аталады. Бұдан өзге Якутск, Красноярск, Краснодар, Калуга, Новокузнецк қалаларында да ондаған адам ұсталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG