Алматыда мамырдың 24-і күні дене қызуы көтеріліп, ауруханаға жатқызылған жергілікті жоғары оқу орнының бірінші курс студенті менингокок жұқпасынан қайтыс болған. Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық қорғау департаментіне сілтеме жасап жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады. Дәрігерлердің айтуынша, науқас студентке қауіпті инфекцияның жылдам таралатын түрі жұққан. Алматыда соңғы бірнеше күннің ішінде осымен төрт адам менингиттен қайтыс болған. Бұған дейін екі ересек адам мен балабақшаға барып жүрген бүлдіршін қауіпті дерт салдарынан көз жұмған болатын.
Қалалық қоғамдық денсаулық қорғау департаменті деректері бойынша, Алматы ауруханаларына менингокок инфекциясын жұқтырған болуы мүмкін деген күдікпен дәрігерлік көмекке жүгінген 50-ден астам адамның 29-ының осы дертке шалдыққаны анықталған.
Инфекциядан шетінеп кеткен бүлдіршін барып жүрген балабақшада онымен бір топта болғандардың барлығы үйлерінде бақылауға алынған. Инфекцияның инкубациялық кезеңі аяқталғаннан кейін олардан сынамалар алынып, зертханада тексеруден өтеді деп хабарлаған жергілікті билік орындары.
Дәрігерлер биыл Алматыда менингит ауруы қозып отырғанын айтады. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық қорғау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің сөзінше, қалада эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп, жабық орындардағы мәдени-көпшілік шараларға шектеу қойылған. «Қауіпті бактерияны күн сәулесі жоятын болғандықтан» ауа райы жылынғаннан кейін дерт бәсеңдейді деп санайды Бекшин. Менингокок инфекциясын Neisseria meningitidis бактериялары қоздырады, ауру түрлі клиникалық белгілермен пайда болады – инфекцияны таратушыда оның белгілері білінбеуі де мүмкін немесе мұрын-жұтқыншақ қабынуы, ми қабығының қабынуы және менингококтық сепсис түрінде өрбиді депр ескертеді дәрігерлер.
ПІКІРЛЕР