Accessibility links

Ирландия премьері: абортты заңдастыру - "бейбіт революция"


Абортты заңдастыру мәселесі бойынша референдумге дауыс беруге келген жүкті әйел. Дублин, Ирландия, 25 мамыр 2018 жыл.
Абортты заңдастыру мәселесі бойынша референдумге дауыс беруге келген жүкті әйел. Дублин, Ирландия, 25 мамыр 2018 жыл.

Ирландия премьер-министрі Лео Варадкар елде абортты заңдастыру мәселесі бойынша жұма күні өткен референдум қорытындысын "бейбіт революция" деп атаған.

Абортты заңдастыруды қолдайтын Варадкар Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында дауыс беру қорытындысын "демократияның ұлы акті" деп бағалаған.

Ресми мәліметтер бойынша, мамырдың 25-і күні дауыс берген Ирландия азаматтарының 67 пайызға жуығы Конституциядағы абортқа тыйым салатын бапты өзгертуді қолдаса, 33 пайызы – қарсы екендерін білдірген. Дауыс беруге азаматтардың 65 пайызы қатысқан.

Абортты заңдастыруды қолдайтындардың көбі ел астанасы Дублинде тұрады. Онда сауалнамаға қатысқандардың 80 пайызға жуығы абортқа салынған тыйымды жою қажеттігін айтқан.

Референдум қорытындысы бойынша, енді жүктілік мерзімі 12 аптадан аспаған әйелге ешқандай қосымша шартсыз аборт жасау заңдастырылмақ. Әділет министрі Чарли Фланган референдумды "өткеннің түнегінен шығудың кезекті үлкен қадамы" деп атаған.


Қазір Ирландияда қолданыстағы абортқа қарсы заң – әлем бойынша ең қатаң заңдардың бірі. Бұған қоса елде жүктіліктің алдын алу үшін пайдаланылатын таблеткалар сатуға да тыйым салынған. Ирландияның қазіргі заңы бойынша, жүктілік әйелдің денсаулығына қатер төндірген жағдайда ғана оған аборт жасатуға рұқсат етіледі. Өзге жағдайларда ол әйелге 14 жылға дейін түрме жазасы тағайындалуы мүмкін.

Жыл сайын үш мыңнан астам ирландиялық әйел Ұлыбританияға аборт жасатуға барады. 1980 - 2016 жылдар аралығында 170 мың әйел аборт жасату үшін Ирландиядан тыс жерге кетуге мәжбүр болған.

Абортқа Ұлыбританияның құрамдас бөлігі саналатын Солтүстік Ирландияда да тыйым салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG