Франция сыртқы істер министрі Жан-ив Ле Дриан Франция Армения мен Әзербайжан арасындағы Таулы Қарабақ аймағына қатысты дауды реттеу жолдарын қарастыруға күш салатынын мәлімдеді.
"Алдағы айларда Таулы Қарабақ жанжалын реттеуге күш саламыз деп үміттенем" деп мәлімдеді Ле Дриан 27 мамыр күні Бакуде Әзербайжан сыртқы істер министрі Эльмар Мамедьяровпен өткізген баспасөз конференциясында. Ол қазіргі жағдайда дау шешілмейтінін, "Франция аймақта бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға" тырысатынын айтты.
Әзербайжан сыртқы істер министрі Эльмар Мамедьяров журналистерге франциялық әріптесімен Таулы Қарабақ жанжалын талқылағанын айтты.
"Біз бұл дауды бейбіт жолмен реттеу стратегиясын ұстанамыз және Франция ЕҚЫҰ Минск тобы төрағаларының бірі ретінде бұл жанжалды шешуге ықпал етеді деп сенеміз" деді Мамедьяров.
Ле Дриан Кавказ елдеріне сапары аясында 28 мамыр күні Армения астанасы Ереванға барады деп жоспарланған.
ПІКІРЛЕР