Accessibility links

Шымкентте туыстары сотталушының "азапталғанын" мәлімдеді


Рафхат Агаевтің анасы Нурия Агаева (сол жақта) мен әйелі Нилюфар Агаева баспасөз мәслихатында отыр. Шымкент. 28 мамыр 2018 жыл.
Рафхат Агаевтің анасы Нурия Агаева (сол жақта) мен әйелі Нилюфар Агаева баспасөз мәслихатында отыр. Шымкент. 28 мамыр 2018 жыл.

Мамырдың 28-інде Шымкентте "терроризм" айыбымен бес жылға сотталған Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны Рафхат Агаевтың туыстары оның "кінәсіз" екенін және ұсталған кезде "соққыға жығылып, азапталғанын" мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Ақпанның 15-інде Сарыағаш аудандық соты 43 жастағы Рафхат Агаевті Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бабы және "Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желісін пайдалана отырып терроризмді насихаттау" бабымен айыпты деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кескен. Бүгін Рафхат Агаевтың анасы Нурия Агаева мен әйелі Нилюфар Агаева баспасөз мәслихатын өткізді.

Нурия Агаеваның айтуынша, алты баласы бар Рафхат Агаевқа жала жабылған. "2017 жылдың 14-тамызында ондаған адам келіп, баламды алып кетті. Қамауға алу туралы санкция берілгенге дейін Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Сарыағаш ауданындағы бөлімшесінде баламды ұрып, азаптап, қысым көрсетті. Сотқа баламды екі адам сүйреп алып келді" дейді ол.

- Балама жала жабылып отыр. Оның қандай да бір діни тақырыпта материал таратқаны туралы ешбір дәлел жоқ, - деді Нурия Агаева.
Сотталушының әйелі күйеуіне көпе-көрнеу жала жағылғанын айтады. Оның сөзінше, тергеу кезінде тіркелген іс құжаттарында Рафхат Агаев қойды деген қолдың бәрі "жалған".

- Күйеуімді флешкаға діни материал салып, таратты деп айып тағып отыр. Ол теріс дінді насихаттайтын адам емес. Такси айдап, бала-шағасын асырап жүрген қарапайым адам еді. Сотта денсаулығы нашарлағанын, қан құса бастағанын айтты. Тағылған айыпты мойындамады, - дейді Нилюфар Агаева.

Рафхат Агаевтың туыстары аудандық сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген.

Қазақстандық адам құқығын қорғау мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалының директоры Әділ Сейітқазиевтің айтуынша, бюро Рафхат Агаевты азаптау дерегі бойынша облыстық прокуратураға хат түсірген. Прокуратура бюроға бұл жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарланғаны жөнінде хабар берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG