Accessibility links

Астана Қытайда ұсталған этникалық қазақтарды босатуды сұрады


Ардақ Мәдиев, Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің директоры.
Ардақ Мәдиев, Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің директоры.

Қазақстан мен Қытайдың Сыртқы істер министрліктері консулдық департаменттерінің басшылары Қытайдан Қазақстанға оралып, осы ел азаматтығын алған этникалық қазақтардың жағдайы мәселесін талқылады. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, өткен аптада Пекинде болған кездесуде тараптар "екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелері және екі ел азаматтарының құқығы мен мүддесін қорғау бойынша" келіссөз жүргізген.

Министрлік Қазақстан жағы Қытайдан Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алған этникалық қазақтардың жайы мәселесін көтергенін айтады. "Қытайда қос азаматтығы үшін ұсталған этникалық қазақтарды босату және ісін шынайы әрі әділ қарау туралы өтініш айтылды. Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы этникалық қазақтардың проблемасын шешуде ортақ әрекет етуге келісім жасалды" делінген министрлік мәлімдемесінде.

Хабарламада сонымен қатар кездесуде екі ел арасындағы виза режимін жеңілдету мәселесі талқыланғаны айтылған. "Тараптар екі ел азаматтарының Қазақстан мен Қытайдың халықаралық әуежайларында транзитпен болуына қатысты қолданыстағы ереже туралы ақпарат алмасты" делінген мәлімдемеде.

Кездесуге Қазақстан делегациясын Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев бастап барған.

Азаттық бұған дейін Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны, олардың қалай ұсталып, "саяси қайта тәрбиелеу орталығына" қалай күшпен түскені туралы жазған.

Оқи отырыңыз: Шыңжаңдағы "саяси лагерьді" ішінен көрген қазақ

Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны туралы ақпараттар 2017 жылғы сәуір айынан тарай бастаған. Шыңжаңда ұсталғандар арасында Қытайдан тарихи Отанына оралып, Қазақстан азаматтығына ие болғандар да бар. Қытайдағы этникалық қазақтар негізінен Шыңжаңның Іле-Қазақ автономиялық округіне қарасты аудандарда, Алтай және Тарбағатай округтерінде, Үрімші қаласы мен басқа да аудандар тұрады. 2000 жылғы халық санағы бойынша, Қытайда бір миллион 250 мың қазақ бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG