Accessibility links

Ақтау әкімдігі митинг өткізуге рұқсат бермеді


Нүрияш Әбдірейімова, ақтаулық азаматтық белсенді.
Нүрияш Әбдірейімова, ақтаулық азаматтық белсенді.

Ақтау қалалық әкімдігі белсенділердің "жер мәселесі бойынша" митинг өткізуге рұқсат сұраған өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы Азаттыққа ақтаулық азаматтық белсенді Нүрияш Әбдірейімова хабарлады.

Ол 21 мамырда "Ата Баба аманатына қиянат жасалмасын, жерді сату тоқтатылсын" деген ұранмен 31 мамыр күні сағат 11-13 аралығында 250 адам қатысатын бейбіт митинг өткізу үшін Ақтау қаласының әкімі Ғалым Ниязовтың атына хат жолдағанын айтады. Ол митингті қала орталығындағы Ынтымақ алаңында немесе мәслихат бекіткен В.Захаров атындағы саябақта өткізуге рұқсат сұраған.

- Түсініксіз жауап алдым. Онда "рұқсат берілмейтіні, егер өткізсем жауапкершілікке тартылатыным" туралы айтылған. Бірақ не үшін рұқсат бермегені айтылмаған, - дейді Нүрияш Әбдірейімова.

Белсенділер өтінішіне Ақтау қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғабит Мүсірепов жауап берген. Оның Азаттыққа айтуынша, бейбіт митинг өткізуге "қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін рұқсат берілмеді".

- Егер олар бұл жауапты дұрыс емес десе тағы жазсын, тағы түсіндіріп береміз. Әлемде күн де терракт болып жатыр. Соны қарап, анализ жасап, қауіп болмау үшін осындай шешім шығардық, - деді Ғабит Мүсірепов Азатыққа.


Нүрияш Әбдірейімова бейбіт шеру өткізу үшін рұқсатты 2006 жылдан бері сұрап келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, әкімдік өзіне митинг өткізуге бірде бір рет рұқсат бермеген және митинг өтуге сұраған орындарда "оқушылардың жиыны немесе басқа да шаралар өтетіні туралы" бір сарынды жауап алып келген.

Ақтау қаласындағы митинг өтетін орындар ретінде қалалық мәслихат шешімімен Тарас Шевченко ескерткішінің артындағы саябақ, М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының залы белгіленген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG