Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковқа Бішкектегі Жылу электр станциясын (ЖЭС) модернизациялау ісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында "сыбайлас жемқорлық" айыбы тағылды. Исаков 29 мамырда Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінде (ҰҚМК) кезекті рет тергелді. Ол алғаш рет тергеуге 26 сәуірде шақырылған.
Тергеу долбары бойынша, Сапар Исаков 2013 жылы Қырғызстан президенті аппаратында сыртқы саясат бөлімін басқарып тұрған кезінде, "Бішкек қаласы ЖЭС-ін модернизациялау" жобасын жүзеге асыру барысында қызметін пайдаланып, мердігерді конкурста іріктеп алу кезінде шетелдік компанияның мүддесін қорғаған. Нәтижесінде мемлекетке орасан зор шығын келген.
Бұған дейін ҰҚМК-де тергелер алдында Исаков журналистерге өзін ұстауға себеп болуы тиіс екенін айтқан. Оның сөзінше, бұл - әдеттегі процедура.
"Шақырған кезінде барып, қойылған сұрақтарға жауап беру керек. Азамат ретінде, экс-премьер, бұрынғы бөлім меңгерушісі ретінде сауалдарға жауап беруге тиіспін. Мені ұстайды деп қауіптеніп тұрған жоқпын.Тұтқындау үшін себеп болуы керек. Мысалы, адам заң бұзғанда ұстайды. Мен - тазамын" деген Исаков. Оның сөзінше, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та өзін және Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты жүйелі түрде қаралап жатыр.
Сапар Исаков Азаттыққа сұхбатында ешқашан "сыбайлас жемқорлыққа ұрынбағанын" сондықтан қорықпайтынын айтқан еді. Бірақ ол өзін ұстауы мүмкін екенін жоққа шығармаған.
ҰҚМК бұдан бұрын Исаковтан елден кетпеу жөнінде қолхат алғанын хабарлаған.
ПІКІРЛЕР