Accessibility links

Назарбаев: Аштық пен қуғын-сүргін революция салдарынан болады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке тағзым етіп тұр. Ақмола облысы, Ақмол ауылы, 31 мамыр 2017 жыл (Сурет Ақорданың ресми akorda.kz сайтынан алынды).
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке тағзым етіп тұр. Ақмола облысы, Ақмол ауылы, 31 мамыр 2017 жыл (Сурет Ақорданың ресми akorda.kz сайтынан алынды).

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "коммунизмнің жарқын болашағы" деген ұранмен жүргізілген ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін сияқты қайғылы тәжірибелер эволюциялық даму жолын революциялық даму басқан кезде болатынын мәлімдеді. Назарбаев бұл жайлы Қазақстанда 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні жасаған үндеуінде айтты. Үндеу ресми баспасөзде жарияланды.

"Барлығымыз халқымыздың 20-ғасырда бастан кешкен қайғы-қасіреттің себептері мен бастауын айқын түсінуіміз керек. Эволюциялық дамуды 1917 жылы ұйымдастырылған Қазан саяси төңкерісі және одан кейін болған азамат соғысы, оның соңын ала совет билігі жүргізген жедел ұжымдастыру мен аштық және зорлық-зомбылық бұзды. Дәстүрлі өмір салты бұзылды" деді Назарбаев үндеуінде.

Президент ашаршылық пен қуғын-сүргіннен кейінгі мұндай демографиялық шығын әлем тарихында сирек екенін айтты. "1929-1933 жылдары екі миллионға тарта адам қырылып, бір миллионға тарта адам елден кетуге мәжбүр болды. Бұдан кейін болған саяси қуғын-сүргіннен қазақ қоғамы элитасынан айырылды. Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, олардың 25 мыңы атылды" деді Назарбаев.


31 мамыр - Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ашаршылық тарихын зерттеуші кей мамандардың деректері бойынша, 1931-1933 жылдары қазақ даласында болған ашаршылық салдарынан екі миллионға дейін адам құрбан болған.

Құқық қорғаушылар Қазақстанды 1989 жылдан бері басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевты өзгеше ойлайтындарды, негізгі еркіндіктерді басып-жаныштайды деп айыптап, елде саяси тұтқындар барын айтады. Билік бұны жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG