Accessibility links

Долинка мұражайында Спасск лагері туралы жаңа зал ашылды


Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайындағы жаңа залға қойылған тұтқындардың қолданған заттары. Қарағанды облысы, 29 мамыр 2018 жыл.
Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайындағы жаңа залға қойылған тұтқындардың қолданған заттары. Қарағанды облысы, 29 мамыр 2018 жыл.

Қарағанды облысының Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында 31 мамыр күні ҚарЛАГ-тің бұрынғы бөлімшелерінің бірі - Спасск бөліміне және ол жерге түскен әскери тұтқындарға арналған жаңа экспозициялық зал ашылды.

Спасск залын құру туралы идея біреше жыл бұрын, мұражай қызметкерлері Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Германия жағында соғысып, тұтқынға түскен әскерилердің және Спасскідегі лагерге айдалған СССР азаматтарының карточкаларына қол жеткізген соң туындаған.

Мұражай қызметкерлері Спасск залына қоюға әскерилер туралы барлық қол жетімді ақпаратты, олардың жеке заттарын және мұрағат құжаттарын жинаған. Тіпті кейбір есеп беру құжаттары, мысалы, тұтқындар тамағының рационы туралы құжаттар сақталған. Мұражайда мұның барлығын жеке жәдігер ғана емес, қабырғаларды безендіруде де қолданған жөн деп тапқан.

- Қабырғаларда жапсырма орнына тұтқындардың аты-жөні жазылған. Олардың нақты санын ешкім айта алмайды, себебі мұражайымыз ерекше және бұл тақырып ұзақ уақыт аса құпия ұсталып келген. Ол адамдар ендігі жоқ және құжаттардың көбі өшірілген, себебі ол уақытта "денесі жоқ, демек, іс құжаты да жоқ" деген сөз кең тараған еді. Спасскіде ұлты әр түрлі әскери тұтқындар өте көп болған, олардың есеп карточкасын оқығанымда, бірінші рет бұрын білмейтін ұлттар туралы оқыдым, - деді Азаттық тілшісіне мұражайдың суретші-дизайнері Айгерім Тоқтарова.

Кейбір деректер бойынша, ҚарЛАГ бөлімшесі болған Спасскіде НКВД Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары №99 арнайы лагерь ұйымдастырған. Бұл лагерьде шамамен 40 ұлттың 70 мыңнан астам әскери тұтқыны отырған. Спасск бөлімшесінде тұтқында отырғандардың бірі жапон Ахико Тецуро болған. Азаттық тыңшылық жасады деген ойдан шығарылған айыппен тұтқында отырған Ахико Тецуро туралы жазған. 2016 жылы Қарағандыда "Ақтастан шыққан Ахико" деп аталатын спектакль қойылған. Сценариі жапон әскери тұтқынының шынайы өміріне құрылған қойылымды 86 жастағы Ахико Тецуро мен жұбайы Елена да көрген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG