Accessibility links

Еркін Ізбасарды 15 жылға соттауды сұрады


Мұнай ұрлығы ісі бойынша сот процесі. Ақтөбе, 31 мамыр 2018 жыл.
Мұнай ұрлығы ісі бойынша сот процесі. Ақтөбе, 31 мамыр 2018 жыл.

Ақтөбеде 31 мамыр күні прокурорлар соттан "мұнай ұрлаумен айналысқан" қылмыстық тобының жетекшісі деп сипатталатын Еркін Ізбасарды 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады деп хабарлайды Азаттық тілшісі. 51 жастағы Еркін Ізбасарды тергеу "Ағайынды төртеу" ("Четыре брата") қылмыстық тобының негізін қалаған әрі маңызды шешімдерді дара қабылдаған, қылмыс әлеміне танымал адам ретінде сипаттайды. Ал оның көмекшісі, кеңесшісі, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары адам ретінде сипатталатын 46 жастағы Аухат Қалиевті мемлекеттік айыптаушылар 14 жылға соттауды сұрап отыр.

"Қылмыстық топқа жетекшілік еткен" бірінші топ мүгедегі Еркін Ізбасар бұрын да сотталған. Ол алғаш рет 2003 жылғы наурызда "бопсалау" айыбы бойынша сотталып, жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Бір жылдан соң бостандыққа шыққан. Ал 2008 жылғы сәуір айында Ізбасарға Қылмыстық кодекстің "ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған жетекшілік ету", "заңсыз қару, оқ-дәрі сақтау, тасымалдау және өзімен алып жүру", сонымен бірге "заңсыз есірткі сақтау, сатып алу, сату және тасымалдау" бабы бойынша айыптар тағылған. Сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айрылған Еркін Ізбасар 2010 жылғы қаңтарда мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Ал бұл жолы тергеу оны Қылмыстық кодекстің 13 түрлі бабы бойынша айыптап отыр. "Мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ" деген күдікпен ұсталғандардың жалпы саны 26 адам. Сотталушылардың 17-сі тергеу изоляторында, ал 9-ы ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр. Сотталушылар арасында облыстық ішкі істер департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Рахат Аханов табар. Прокуратура бүгін Рахат Ахановты 6 жылға, қалған айыпталушыларға 5 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады.

Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тағылып отырған үлкен айып – мұнай ұрлығы. Тергеу материалдарына қарағанда, "Сағыз Петролеум" компаниясына қарасты "Қағанай" кенішінен 2015 жылғы маусым-қыркүйек аралығында 530 тонна мұнай ұрланған. Ұрланған мұнай құны 11 миллион 302 мың теңге екендігі айтылады. Одан бөлек, Байғанин ауданындағы "Ащыкөл", Мұғалжар ауданындағы "Синельниковское" кеніші мен Байғанин ауданындағы "Қаратөбе" кенішінен де әр жылдары аса көп мөлшерде мұнай ұрланған.

2016 жылдың желтоқсанында ҰҚК қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе облысы және тағы кей облыстарда "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізген. Кейін сот операция барысында ұсталған жиырмадан астам күдіктіні қамауға санкция берген.

ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG