Accessibility links

Ақтауда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды


Белсенділер сталиндік саяси-қуғын-сүргін құрбандарын еске алу туралы тақтайшасы бар тастың жанында тұр. Ақтау, 31 мамыр 2018 жыл.
Белсенділер сталиндік саяси-қуғын-сүргін құрбандарын еске алу туралы тақтайшасы бар тастың жанында тұр. Ақтау, 31 мамыр 2018 жыл.

31 мамыр күні Ақтауда бірнеше азаматтық белсенді Маңғыстау облыстық әкімдігі маңындағы үйлердің ортасына қойылған түсініксіздеу тасқа жиналып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Олар сол жердегі орындықтардың біріне отырып сталиндік саяси қуғын-сүргіннен көз жұмғандардың рухына құран бағыштап, үйлерінен пісіріп әкелген жеті шелпектерін маңайдан ары-бері өткендерге үлестірді.

Тас бетіне жапсырылған тақтайшадағы "Саяси қуғын- сүргін құрбандарына - В память о жертвах политических репрессии. 31.05.1998" деп жазылған жазу өше бастаған. Белсенділер бұл тастың жанына жылда 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға жиналады.

Еске алу кезінде оқиға орнын полиция көлігі күзетіп тұрды. Бұл күні Ақтаудың орталық Ынтымақ алаңы маңында да полиция күзеті күшейтілгені байқалды.

Азаматтық белсенді Нүрияш Әбдрейімованың айтуынша, ол мұнда жыл сайын 31 мамыр және 16 желтоқсанда келеді.

- Мен жылына екі уақыт келіп, гүл шоғын қойып, саяси қуғын-сүргін қүрбандары мен Жаңаөзенде қаза болғандарды еске аламын. Саяси қуғын-сүргін тоқтатылды дей алмаймын. Себебі азаматтық көзқарас, жеке пікір еркіндігі үшін қудалау күшеймесе, азайған жоқ, - дейді ол.

Ресми дерекке сәйкес, Маңғыстаудан 700-ден астам адам реперссияға ұшыраған. Ақтауда 20-ғасыр басындағы қоғам қайраткерлері Жалау Мыңбаев, Тобанияз Алниязұлына қойылған ескерткіштер бар.

Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мамырдың 31-і күні атап өтіледі. Тарихшылардың зерттеуінше, 1931-1933 жылдары қазақ даласында болған ашаршылық салдарынан екі миллионға дейін адам құрбан болып, сталиндік репрессия жылдарында кем дегенде 22 мың адам атылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG