Accessibility links

Атырауда азаматтық белсенді Бекжан Ахметов "билік өкілінің заңды талабына бағынбады" деген айыппен бес тәулік әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Азаттыққа атыраулық құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева хабарлады.

Оның айтуынша, Бекжан Ахметовті 31 мамыр күні кешке Атырау қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы ("Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау") бойынша айыпты деп танып, бес тәулікке қамауға шешім шығарды.

Құқық қорғаушының сөзіне қарағанда, Ахметовті полиция кеше түске дейін сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын еске алу үшін Атыраудың "Жеңіс" алаңындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке бара жатқанда ұстап, полиция бөліміне апарған. Ол жерде белсендіге прокурордың "рұқсатсыз жиын өткізбеу туралы" ескерту қағазын тапсырған. Ол өзінің акция өткізбек ойы жоғын айтып, кетіп бара жатқанда "билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны" үшін хаттама толтырған.


Бекжан Ахметов 30 мамыр күні Facebook-тегі парақшасында "31 мамыр күні ашаршылық құрбандарын еске алатыны, символ ретінде көк лента ұстап шығатыны" туралы жазған еді.

Азаттық тілшісіне Атырау қалалық әкімшілік сотынан Бекжан Ахметовтің сотталуына қатысты комментарий алу мүмкін болмады.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

     

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG