Accessibility links

Министр: Менингокок жұқпасы эпимедияға айналған жоқ


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда менингокок инфекциясынан ауыру оқиғаларын эпидемия деп санамайтынын, жағдай бақылауда екенін айтты.

Астанада "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің жиыны арасында журналистер сауалына жауап берген министр соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда 55 адам менингокок инфекциясын жұқтырғаны анықталғанын айтты. Ол бұл инфекциямен ауырғандардың ең көбі Алматыда (31 адам) тіркелгенін айтып, Алматыда балаларды жазғы лагерлерге жіберуді қалдыру жағын қарастырып жатқанын жеткізді.

Министрдің дерегінше, қазірге дейін Ақмола облысында екі адам, Ақтөбе облысында екі адам, Алматы облысында үш адам, Шығыс Қазақстан облысында төрт адам, Павлодар облысында екі адам, Оңтүстік Қазақстан облысында төрт адам, Астанада төрт адам, Жамбыл мен Қарағанды облыстарында бір адам инфекция жұқтырған.

Біртанов ата-аналарға балаларын көпшілік орынға апарудан тартына тұруға кеңес берді.

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Әбдісәметов та бүгін Жаңақорған ауданының 27 жастағы тұрғыны менингокок инфекциясының алғашқы белгілерімен ауруханаға жатқызылғанын хабарлады.

Алматыда мамырдың ортасынан бері менингокок жұқпасынан төрт адам - балабақшаға барып жүрген бүлдіршін, студент пен екі ересек адам қайтыс болған.


Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық қорғау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшиннің бұған дейін Алматыда эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп, жабық орындардағы мәдени-көпшілік шараларға шектеу қойылғанын хабарлаған.

Менингокок инфекциясын Neisseria meningitidis бактериялары қоздырады, ауру түрлі клиникалық белгілермен пайда болады – инфекцияны таратушыда оның белгілері білінбеуі де мүмкін немесе мұрын-жұтқыншақ қабынуы, ми қабығының қабынуы және менингококтық сепсис түрінде өрбиді деп ескертеді дәрігерлер.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG