Accessibility links

Коррупциямен күрес бюросының басшысы Татубаев қызметінен босатылды


Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы - Ақорда.
Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы - Ақорда.

Қазақстан мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігі құрамына кіретін коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшысы Талғат Татубаев қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жұма күні жарияланған Қазақстан президентінің жарлығында 41 жастағы Татубаевтың "басқа жұмысқа ауысуына байланысты" босатылғаны айтылған.

Бір кездері президент әкімшілігінде қызметтер атқарған Татубаев 2016 жылғы қыркүйектен бері коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасы болып тағайындалған. Ол басқарған кезде коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы жүргізген кей атышулы істер бойынша күдікті ретінде ұсталғандар тергеушілерді "бұрмалаушылық мен әділетсіздік жасады" айыптаған. Ұлттық бюро тергеушілері БАҚ-қа мемлекеттік тапсырыспен бөлінген бюджет қаржысын жымқырған деген айыппен қылмыстық іс қозғаған Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев ҚазТАГ агенттігін басқаратын ұлы Әсет Матаевтың екеуінің сотында "иелігіміздегі медиа-ресурсты тартып алу мақсатымен Татубаев пен Қазақстан парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің тапсырысы бойынша қудалауға түсіп жатырмыз" деп мәлімдеген. Татубаев пен Нығматулин бұл айыптауларды жоққа шығарған.


Қазақстан президентінің маусымның 1-індегі жарлығымен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы жетекшілігіне осыған дейін коррупцияға қарсы іс-қимыл қызметі департаментін басқарған 47 жастағы Қайрат Сұнтаев тағайындалған.

Сонымен бірге жұма күні Қазақстан президенті Олжас Бектеновті Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындаған. Бектенов бұған дейін премьер-министр кеңсесінде, президент әкімшілігінде қызмет атқарған, Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып істеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG