Accessibility links

Apple Telegram-ды App Store-да жаңарту мүмкіндігін қайта қосты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Америкалық Apple компаниясының App Store онлайн-дүкенінде соңғы бір жарым айдың ішінде алғаш рет Telegram мессенджерін жаңарту мүмкіндігі қайтадан пайда болды. Ресей билігі мессенджерді бұғаттауға тырысып жатыр. Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров қолданушыларға қосымшаның жаңартылған нұсқасын пайдалануға мүмкіндік жасағаны үшін Apple компаниясына алғыс білдірді.

Бұған дейін осы аптада Дуров ресейлік "Роскомнадзор" мекемесі Telegram қосымшасын онлайн-дүкеннен алу тастауды талап еткен соң, Apple компаниясы оны App Store арқылы жаңартылмайтындай етіп бұғаттап тастады деп мәлімдеген. Кәсіпкердің сөзінше, сәуірдің ортасынан бастап бүкіл әлем бойынша Apple гаджеттерін қолданушылар App Store сервисінен Telegram мессенджерін жаңарта алмаған.


Ол жолы Дуров Apple мессенджер "жағында емес" деген болжам жасаған. Мамырдың 28-і күні "Роскомнадзор" америкалық компанияға App Store онлайн-дүкенінен Ресейде тыйым салынған Telegram мессенджерін алып тастауын және оның push-хабарландыруларын таратпауын талап етіп хат жолдаған. Өйтпеген жағдайда "Apple қызметінің жұмыс істеу принципі бұзылатынын" ескерткен.

Telegram әкімшілігі Ресей федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) қолданушылар хат-хабарын шифрлау кілтін беруден бас тартқан соң "Роскомнадзор" сот шешімі бойынша, сәуірдің 16-сынан бастап Telegram мессенджерін бүкіл ел аумағында бұғаттаған. Салдарынан интернеттегі 20 миллионға жуық IP-адрестер бұғатталып, ресейлік көптеген сайттар мен сервистердің жұмысы бұзылған. Сонымен бірге, "Роскомнадзор" Telegram-ға қойылған тосқауылды айналып өтуге мүмкіндік беретін 80 VPN мен прокси-серверлерді бұғаттағанын да мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Telegram бұғатынан басқа сайттар да зардап шегіп жатыр

13 елдің құқық қорғаушылары Google, Amazon, Microsoft және Apple компанияларының атына ашық хат жазып, Ресейдегі интернетті шектеу мен Telegram мессенджерін бұғаттауды айыптаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG