Accessibility links

Түркістандықтарды "облыс орталығы" болатын қаланың тазалығы толғандырады


Түркістан қаласы тұрғындарының жиынына қатысушылар. Оңтүстік Қазақстан облысы, 2 маусым 2018 жыл.
Түркістан қаласы тұрғындарының жиынына қатысушылар. Оңтүстік Қазақстан облысы, 2 маусым 2018 жыл.

Маусымның 2-і күні Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде жергілікті тұрғындар мен билік өкілдері – барлығы екі жүзге жуық адамның қатысуымен өткен жиында хабарлама жасаған қала әкімі Тәжібек Мұсаев облыс орталығын Түркістанға көшіруді айтты. Оның сөзінше, қалаға қарасты ауылдық округтердің жалпы көлемі 721 мың гектар жерін шығару арқылы Түркістан қаласы шекарасын өзгерту және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы ұсыныс бар.

Түркістан қаласы әкімі Тәжібек Мұсаев (ортада) пен қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев (сол жақта) тұрғындардың қатысуымен өткен жиында отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, 2 маусым 2018 жыл.
Түркістан қаласы әкімі Тәжібек Мұсаев (ортада) пен қалалық мәслихат хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев (сол жақта) тұрғындардың қатысуымен өткен жиында отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, 2 маусым 2018 жыл.

- Қазір Түркістан қаласына қарасты жер көлемі - 744 мың гектар. Ауыл округтеріне қарасты 721 мың гектардан астам жерді Кентау қаласына өткізу мәселесін қарап жатырмыз. Ал бас жоспарға сәйкес, қаланың аумағы 19 мың 600 гектардан асады, - деді қала әкімі Тәжібек Мұсаев.

Сөз кезегі тиген кезде жиынға қатысушы кей тұрғындар облыс орталығын көшіру мәселесінен бұрын әкімді Түркістан қаласын көгалдандыру және қоқыстан тазалау сияқты өзекті мәселелерді шешуге шақырды. Өздерін толғандырған мәселелерді айтып жатқан тұрғындарға қала әкімі "күн тәртібіндегі мәселелерді айтуды" ескертіп отырды.


"Түркістанның құрметті азаматы" атағы бар Ғалия Малыбаева Түркістанды облыс орталығына айналдыру туралы ұсынысты құптайтынын, бірақ қаланың қазіргі тазалық жағдайына көңілі толмайтынын айтты.

Ғалия Молыбаева Түркістан әкімнің қатысуымен өткен жиында қала тазалығы туралы айтып тұр. Оңтүстік Қазақстан облысы, 2 маусым 2018 жыл.
Ғалия Молыбаева Түркістан әкімнің қатысуымен өткен жиында қала тазалығы туралы айтып тұр. Оңтүстік Қазақстан облысы, 2 маусым 2018 жыл.

- Қаланың тазалығына аса мән берілмейді. Арықтар қоқысқа толып қалған, - деді ол. Қала әкімі тазалыққа қатысты проблема барын жоққа шығармады.

Бас-аяғы жарты сағатқа созылған жиынға қатысушылар облыстың әкімшілік орталығын Түркістан қаласына көшіру және жоғарыда аталған ауылдық округтер жерін Кентау қаласына беру туралы жергілікті атқарушы биліктің ұсынысына қолдау білдірді. Облыс орталығын Түркістан қаласына көшірудің экономикалық негіздемесі, көші-қон қанша уақыт пен қаражатты қажет ететіні және ол ақша қайдан алынатыны туралы бұл жиында ешкім тіс жармады.

- Ұсыныс бердік. Енді мұны дабыра қылмай жүрсек. Ендігі шешім Елбасының [Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев – ред.] қолында, - деді Түркістан қаласының әкімі жиын соңында.

Орта Азия мен Қазақстандағы ежелгі қалалардың бірі Түркістан облыс орталығынан 170 шақырым қашықта орналасқан. Құрамына 12 ауылдық әкімшілік округі мен бес шағын аудан енетін қала аумағында 260 мыңға жуық адам тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG