Accessibility links

Ақтөбеде "Соғыс балалары" қоғамдық ұйымының жиыны өтті


Жаңадан құрылған "Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігінің алғашқы жиынына қатысушылар. Ақтөбе, 2 маусым 2018 жыл.
Жаңадан құрылған "Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігінің алғашқы жиынына қатысушылар. Ақтөбе, 2 маусым 2018 жыл.

Маусымның 2-і күні Ақтөбеде жаңадан құрылған "Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігінің алғашқы жиынына балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келген жүзден астам зейнеткер қатысты. Қоғамдық бірлестіктің төрағасы Сәрсен Шәкібаевтың айтуынша, соғыс кезеңінің балалары күш біріктіріп, өз құқықтарын қорғауды мақсат етеді.

"Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәрсен Шәкібаев. Ақтөбе, 2 маусым 2018 жыл.
"Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәрсен Шәкібаев. Ақтөбе, 2 маусым 2018 жыл.

- Әкелері соғысқа кетіп, жетім қалғандықтан бұл балалардың көпшілігі 10-15 жасқа дейін ашқұрсақ жүріп ер жетті. Қазір де жетісіп отырғандары шамалы. Көпшілігі зейнетақыларының 70 пайызын дәрі-дәрмекке жұмсайды. Оның өзі күн сайын қымбаттап жатыр. Бұрын қала ішіндегі автобустарда жеңілдікпен жүретінбіз, бірақ қазір оны да алып тастаған, - дейді ол.

Сәрсен Шәкібаев соғыс балалары өздеріне арнайы статус берілуін, коммуналдық қызмет ақысына, автобус және теміржолда билет бағасына жеңілдік жасалуын сұрап билікке өтініш жолдағалы отырғандарын айтады.

- Қоғамдық бірлестік атынан ел үкіметі мен парламентіне хат дайындап қойдық, - деді Сәрсен Шәкібаев.


Қоғамдық бірлестіктің алғашқы жиынын "Ақтөбе" қонақ үйінің мәжіліс залын жалға алып өткізген зейнеткерлер екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көрген қиындықтарын айтып тауыса алмады. Ақтөбе тұрғыны Виктор Бирзул 1943 жылы дүниеге келгенін, келесі жылы майданға кеткен әкесі соғыстан оралмағанын айтты.

Зейнеткер Виктор Бирзул "Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігінің жиынында сөйлеп тұр. Ақтөбе, 2 маусым 2018 жыл.
Зейнеткер Виктор Бирзул "Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігінің жиынында сөйлеп тұр. Ақтөбе, 2 маусым 2018 жыл.

- Әкем 1944 жылы соғысқа аттанып, содан хабарсыз кеткен. Көп қиындық көрдік. Өзім 54 жыл бел жазбай еңбек еттім. Сол үшін алатыным – 80 мың теңге зейнетақы. Ол қайда жетсін?! 1988 жылдан бері бірде бір демалыс орнының есігін ашып көргенім жоқ, - деді Виктор Бирзул.

Сенбі күнгі алғашқы жиында Виктор Бирзул мен тағы да бес зейнеткерді көпшілік "Соғыс балалары" қоғамдық бірлестігінің жұмыс комитетіне мүше етіп сайлады. Белсенді қариялар тобы өз тілек-талаптарын Астанаға барып, үкімет мүшелеріне жеткізбек ниетте.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG