Ұлыбританияның Қылмысқа қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттігі Біріккен корольдіктегі ресейліктерге қатысты тергеу ауқымын кеңейтіп, олардың активтерін бұғаттауы мүмкін. Бұл туралы жексенбіде The Sunday Times басылымы хабарлады. Газеттің жазуынша, әңгіме "президент Путинмен байланысы бар ресейлік олигархтар мен мультимиллионерлерге" қатысты айтылып отыр. Осындай санатқа жататын 130 адамның активтері британ билігінің "арам ақшаға" қарсы күресі барысында бұғатталуы ықтимал деп жазады басылым.
Газет бұл туралы ұлттық агенттіктің киберкеңістіктегі экономикалық қылмыстар мен құқықбұзушылыққа қарсы күрес жөніндегі бөлімшесінің жетекшісі Дональд Тунға сілтеме жасап, оның командасы 120-дан 140-қа дейін "түп-төркіні анықталмаған байлыққа" қатысты ордерді күшіне енгізу мүмкіндігін зерттеп жатқанын хабарлаған.
Тунның сөзінше, ол басқаратын мекеме "коррупцияға батқан элита мен олардың заңсыз жолмен алынған байлығына қарсы күреске" жұмылдырылған. Бірақ агенттік тергеушілері өз қызметінде әлгіндей байлық иелерін "қай елдің азаматы екендігіне қарап" анықтамайды деп сендіреді ол.
The Sunday Times басылымының британ үкіметіндегі дереккөзінің мәлімдеуінше, Қылмысқа қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттіктің назарына ілінгендердің кейбірі – "ресейліктер немесе Ресеймен байланысы бар адамдар".
Ұлыбританияда күшіне енген қылмыстық капитал туралы заңның талабына сәйкес, ауыр қылмыс жасаған деген күдікке ілінген адам 50 мың фунт стерлингтен асатын активтерінің қандай жолмен келгені туралы түсінік беруге міндетті. Шенеуніктердің пікірінше, бизнесмендер қаржысының қалай пайда болғанын тексеру биыл наурызда Ұлыбританияның Солсбери қаласында Ресей сыртқы барлауының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипальге қастандық жасалғаннан кейін Ресей президенті Владимир Путиннің режимінің іс-әрекетімен байланысты қолға алынған.
ПІКІРЛЕР