Accessibility links

Ақтөбе іргесінде обадан ежелгі заман заттары табылды


Ақтөбе іргесінде көне обадан табылған ғұн дәуірінен қалған болуы мүмкін заттар. Ақтөбе, 5 маусым 2018 жыл.
Ақтөбе іргесінде көне обадан табылған ғұн дәуірінен қалған болуы мүмкін заттар. Ақтөбе, 5 маусым 2018 жыл.

Ақтөбеден 20 шақырым жердегі Қурайлы ауылына жақын маңнан ежелгі замандағы беделді адам мен оның жылқысы жерленген көне оба табылды. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Мейрам Дүйсенғали мұны "ғұн дәуірінен қалған жәдігер болуы мүмкін" деп санайды. Жер қазу кезінде бүлінген көне обаның жәдігерлерін мұражай қызметкерлері бірер күнде Алматыдағы сынама жасау зертханасына жөнелтпекші.

- Көне обадан табылған материалдарға қарап, біз мұны ғұн дәуірінен қалған мұра деп отырмыз. Біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-ІV ғасыр аралығында жасалған ер-тұрман әшекейлері, батырдың бас киіміндегі әшекейлер, белдігі мен қылышын сәндеген сары түсті металл алтын болуы мүмкін. Сонымен қатар, көне обадан күміс пен қоладан жасалған детальдар да табылды. Батырдың ері мен киімдері полихромды стильмен, яғни металл мен бағалы тастардан безендіру арқылы жасалған. Бұл стиль ғұн дәуірінде кеңінен қолданылған. Көне обадан табылған материалдарды ғұн дәуіріне тиесілі деуіміздің тағы бір себебі, ғұндар сақтар мен сарматтар сияқты биік қорғандар салмаған. Беделді адамдарды жерлеген кезде обаның тоналмауын ойлап, жердің бетінде ешқандай белгі қалдырмаған, - дейді Мейрам Дүйсенғали.

Ғұн дәуіріне тиесілі болуы мүмкін жәдігерді солтүстік айналма күре жолына жақын маңнан құрылысқа құм алып жатқан жүк тиейтін көлік жүргізушісі Қайрат Ысқақов тапқан.

- Сағат төртке таман болса керек, әйтеуір, түс ауған шақ. Жүк тиегішпен биік жарды көсіп жіберіп едім, сүйектер шашылып түсті. Ауылда өскен жігітпін ғой, мал сүйегі емесін бірден түсіндім. Бас сүйекті көргенде тіпті де күмәнім қалмады. Адам мен жылқының сүйегі, сау етіп төгілген алтындар үш метрдей тереңдікте жатыр екен. Жұмысты тоқтатып, карьер бастығын шақырдым. Ол қылмыс іздері деп ойласа керек, бірден полиция шақырды, - дейді Қайрат Ысқақов.

Алматыдағы сынама жасау орталығы көне обадан табылған жәдігердің ғұн дәуіріне жататынын растаса, ол Ақтөбе облыстық мұражайындағы ең құнды жәдігерлердің біріне айналуы мүмкін. Өйткені, осы кезге дейін Ақтөбе өңірінен ғұн дәуіріне жататын бірде бір жәдігер табылған емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG