Accessibility links

Ақтөбеде "мұнай ұрлығы" ісін қарау уақытша тоқтатылды


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Ақтөбеде "мұнай ұрлығы" бойынша айыпталған 26 адамның ісін қарау 11 маусымға дейін тоқтатылды. Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі мұны "Дабыл-2018" оқу-жаттығу шараларымен байланыстырады.

Ақтөбе облыстық әкімдігі оқу-жаттығу кезінде "төтенше жағдайлар кезінде күштік құрылымдар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы байланысты жақсарту және қызметтік-жауынгерлік күштердің дайындығын пысықтау міндеті орындалатынын" хабарлады. Бірақ әкімдік оқу-жаттығудың неше күнге созылатынын хабарлаған жоқ. Әкімдіктің мәліметінше, жаттығуға орай Ақтөбенің теміржол вокзалы мен әуежайында қауіпсіздік күшейтілген.

"Күштік құрылымдардың барлығы жаттығуға жұмылдырылған. Сотталушыларды тергеу изоляторынан сот залына таситын арнайы жасақ та жаттығуда. Сондықтан істі қарау уақытша тоқтатылды" дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.


Былтыр күзде, сот қарауына түскен тергеу қорытындысына сәйкес, 26 адамға Қылмыстық кодекстің "мұнай ұрлығы", "адам ұрлау", "ақша бопсалау", "қару сақтау", "бөтеннің мүлкін талан-таражға салу" және басқа баптары бойынша айыптар тағылған. Мемлекеттік айыптаушы Айбек Шоқпаровтың мәлімдеуінше, сотқа тартылып жатқан адамдардан құралған қылмыстық топ Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы кеніштерден мұнай ұрлап, облыс орталығындағы мұнай өңдейтін шағын зауыттарға өткізіп отырған. Тергеу материалдары бойынша, 51 жастағы Еркін Ізбасар "Ағайынды төртеу" ("Четыре брата") қылмыстық тобының негізін қалаған әрі маңызды шешімдерді дара қабылдайтын жетекшісі болған, қылмыс әлеміне танымал адам ретінде сипатталады. Оның көмекшісі, кеңесшісі, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары адам ретінде 46 жастағы Аухат Қалиев аталған. Тергеу қорытындысында қылмыстық топтың 2003 жылы ақтөбелік кәсіпкерлер арасындағы кикілжіңге араласып, олардың бірінен 60 мың доллар бопсалағаны айтылған. Тағы бір эпизод бойынша, бұл топтағылар Ақтөбеде "Жеті ру" деп аталатын ұйымдасқан қылмыстық топ құрмақ болған азаматты торуылдап жүріп, Алматы қаласында соққыға жыққан. Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тағылып отырған тағы бір үлкен айып – мұнай ұрлығы.

2016 жылғы желтоқсанда ҰҚК қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және тағы кей аймақта "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізгені хабарланған. Кейін сот операция барысында ұсталған жиырмадан астам күдіктіні қамауға санкция берген. ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 14.12.2018
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:14:50 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG