Accessibility links

AI: Коалиция Раккадағы бейбіт тұрғындар өліміне кінәлі


Ракка қаласында қирандыларды аршып жүрген жұмысшылар. Сирия, 18 сәуір 2018 жыл.
Ракка қаласында қирандыларды аршып жүрген жұмысшылар. Сирия, 18 сәуір 2018 жыл.

АҚШ бастаған халықаралық коалицияның былтыр жазда Сирияның Ракка қаласын "Ислам мемлекеті" (ИМ) террорлық ұйымынан босату операциясынан жүздеген бейбіт тұрғын қаза тапқан деп мәлімдеді Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы жаңа есебінде.

Amnesty International сарапшылары АҚШ жетекшілік ететін халықаралық коалицияның соққысынан аудан тұрғындары қоршауда қалып қойғанын, қаланың инфрақұрылымы мен үйлері қирағанын айтады. Баяндамада соған қарамастан әскерилердің ИМ өкілдерін қаладан жазасыз шығып кетуіне рұқсат бергені айтылады.

Құқық қорғаушылардың ақпараты бойынша, Раккаға шабуылдың 90 пайызын америкалық әскер жасаған. Қалған бөлігіне Ұлыбритания мен Франция жауапты болған. Коалиция шабуылдары үйлесімсіз жүргізілген.

Amnesty International коалиция әрекетіне қатысты ешқандай зерттеу жүргізіліп жатпағанын айтып, оларға қарсы бейбіт тұрғындарды өлтірді және халықаралық құқықтарды бұзды деп іс қозғауға шақырады. Сонымен бірге зардап шеккен Ракка тұрғындарына өтемақы төлеу керек деп есептейді.

Баяндаманы әзірлегендер Раккаға биыл ақпан айында барған. Олар бомбадан соққы көрген 42 ауданға барып, жүзден астам куәгерлер мен тірі қалған сарбаздардан сұқбат алған. Ұйым спутниктік суреттерге де талдау жасаған.


"Ислам мемлекеті" террорлық ұйымы 2013 жылы Ракканы басып алған. "Жиһадшыларға" қарсы күресті халықаралық коалиция 2017 жылдың ортасында бастап, қала күзге қарай қала толықтай азат етілген. ИМ мүшелерін қосқанда төрт мыңға жуық содырдың отбасымен бірге қаладан шығып кетуіне рұқсат берген. БҰҰ мәліметінше, әскери операция кезінде қаланың 80 пайызы қираған.

Коалиция 2014 жылдан бері Сирияда радикалды исламшыларға қарсы соғысып келеді. Ресейдің Сириядағы әскери кампаниясы 2015 жылдың күзінде басталды. Коалиция Мәскеуді Сирия президенті Башар Асад режимін қолдап отыр деп бірнеше рет айыптаған. Батыс елдері Башар Асад елінде адам құқықтарын жаппай бұзып отыр деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG